- Негізгі бет
- Құпия
- Әкемнің сатқындығы —...
Әкемнің сатқындығы — 2
Ең алдымен, маған берген ақыл-кеңестеріңізге үлкен рақмет айтқым келеді. Алтын уақыттарыңызды маған бөлгендеріңізге алғысым шексіз! Мейіргүл сіздің жазғаныңызды оқып жылап қалдым. Ақтоты, Моника сіздерге де рақмет!
Енді мәселенің өзіне көшейін... Анама айтпадым, айта алмадым... Әкеме де ештеңе деген жоқпын. Бірақ біліп қойғалы маған солай көрінетін шығар... Әкем маған «сен білесің ғой» деп қарайтындай көрінеді...
Өзімді әкемнен алыс ұстайтын болыппын... Еркелетіп, менімен ойнап, өзіне тартқысы келеді. Өтірік бірнәрселерді сылтауратып жанынан тезірек кетіп қалуға тырысамын. Өзімнің де бұрынғыдай мойнына асылып, қалжыңдасқым-ақ келеді. Бірақ бірнәрсе жібермей тұрады. Реніш пе, басқа ма ол жағын білмедім...
Сыртынан қарап отырсам, түк болмаған сияқты. Анам екеуі бұрынғыдай-ақ ойнап-күліп, қалжыңдасып, бірге теледидар көріп отырады. Осындай ұйып отырған отбасын ащы шындықты айтып ойрандай алмаймын... Түсінесіздер ме? Тек қана сырттарынан бақылап отырамын да, тамағыма өксік келіп тіреліп қалады. Не жылап оны сыртқа да шығара алмаймын.
Осы жағдайдан кейін қандай ой түйдім білесіздер ме? Өмірдің кей сәттерінде ащы шындыққа қарағанда, тәтті өтірік дұрыс па деп қалдым! Мен де білмей-ақ қойғанымда ғой. Ақыры ешкімге айта алмаймын, қайдан ғана білдім екен?! Қандай ауыр жүк еді... Егер білмегенде бұлай жүрегім ауырмас еді, бұлай өкпе-ренішім жиналып тамағыма келіп өксік болып тірелмес еді ғой...
Қазіргі жағдайым қалыпты емес. Олай дейтінім біресе түк болмағандай тыныштала қаламын да, біресе аласұрып кетем, біресе сыздаған жүрегімді тынышталдыру үшін қатты айғайлап жылағым келіп кетеді...
Тағы бір ойым... Егер мен айтып ата-анамды ажыратсам, одан кейін не болады? Бәлкім ана әйелдің де көксегені сол шығар, әйтпесе неге әлеуметтік желіге ашықтан-ашық сурет салады, аты-жөнін жазады. Егер мен айтып, шаңырағымыз шайқалса, сол әйелдің жеңіске жеткені болмай ма? Жоқ, олай істей алмаймын. Отбасым үшін осы ауыр жүкті өзім ғана арқалап жүруге мәжбүрмін. Анам үшін осы сырды өз ішімде сақтағаным дұрыс сияқты. Өмір жалғаса береді... Сабыр...
Мен ес білгелі көп қиындық көрдік, оның өзі бөлек әңгіме. Бүгінде Аллаға шүкір біреуден алда, біреуден артта тату-тәтті өмір сүріп отырмыз. Осы тыныштығымыз бұзылмаса екен деп Алладан шын жүректен тілеймін. Ал мына шындықты жүрегімде тұншықтыруға мәжбүрмін. Әкем өзінің ісінің дұрыс емес екенін түсініп, өзін отбасына арнаса екен деп тілеймін. Ана әйелдің жүрегіне Алла иман беріп, жанұямнан алыстатса екен!
Мен өзімді осылайша сабырға шақырдым. Алладан осы бақытымыздан айыра көрмеші деп тілеймін. Ол менің әкем! Кешірмей қайда барамын! Әкеме ренжігеннен маған кім мінсіз әке бере қояды?! Ата-анамның бірге қартайып, немерелерінің ортасында бірге отыратындарын көргім келеді! Ата-анамыз аман болсын!
Міне солай! Ал сіздер менің орнымда болсаңыздар не істер едіңіздер? Қандай шешім қабылдар едіңіздер?
Автор: Құпия қыз
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com
Қ. Бүйенбай