- Негізгі бет
- Құпия
- Ағамды болашақ жеңгемнен...
Ағамды болашақ жеңгемнен қызғанамын
Ағам менен 2 жас үлкен болған соң, тете өстік. Ағам екеуміз бала кезімізден бір-бірімізбен төбелесіп, ұрсысып үйреніп қалсақ та, есейе келе ол менің ең жақын адамым екенін түсіндім. Бала кезімде үйде менің шашымды жұла жаздап төбелессе де, далаға ойынға шыққанда мені бәрінен қорғаштап жүретін. Үйде басымыз бір қазанға сыймайтын, анам екеумізді оқтаумен ұрып, екі бөлмеге қамап тастамайынша қоймайтынбыз. Ол өте намысшыл, білімді азамат болып өсті. Мектепте қыздардың бәрі ағамды қарату үшін менің көңілімді табуға тырысатын. Бірақ мен ешқайсысын ұнатпай, ол қыздардың біреуіне де жақсы жауап қатпайтынмын. Оның бәрі ойыншық екен. Жақында ағам отбасымызға жүретін қызының суретін көрсетті. Сол кезде ішім қылп етіп, қызғанып кеттім. Әп-әдемі қыз болса да, "жаман, ұнамайды" деп айтып, бөлмеме кіріп тамақ ішпей жатып алдым. Ағам ол қызға бекерден-бекер сөз айтып жүрген жоқ, оған үйленгісі келеді. Ал мен ол қызды көрмей тұрып-ақ жек көріп кеттім. Анам мен әкемнің той дайындығын сөз қылып жатқандарын содан кейін де бірнеше рет естіп қалдым.
Отбасында ағам екеуміз ғана болған соң ба, білмедім, ағамның бар қамқорлығы, бар сүйіспеншілігі тек сол қызға ауып бара жатқан сияқты. Маған назар аударуды қойды, бірақ "жігітпен жүруге әлі ерте, сабағыңды оқы" деп қатаң тәртіп қоятын болып жүр. Соңғы кезде өзгеріп кетті. Бұрынғыдай төбелесіп ойнай алмаймыз. Ол ересек адамға айналып шыға келді. Бәрі сол қыздың кесірі. Айтпақшы мен екінші курста оқимын. Осы күні мен де ағаммен бұрынғыдай ашылып сөйлесе алмайтын болдым, ішімде оған деген ренішім бар сияқты... Ағамды ешкімге де бергім келмейді. Ол қызбен таныссам, оны ұнатпайтынымды білдіріп қоятын сияқтымын. Егер жеңгем атанса, күн сайын оған қатты сөйлеп, ұрсып тастайтын сиқым бар. Ал жігітпен жүру жайына келсек, қазір мені ұнатып жүрген жігіттер бар болса да, оларды ағаммен салыстырсам, ешқайсысы ағамның тырнағына да татымайтынын түсінемін.
Автор: Құпия қыз
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com
Р. Роза