Сәлеметсіздер ме, қыз-келіншектер!
Тұрмыстамын, 4 айлық қызым бар. Мен орысша тәрбие көріп өстім. Жолдасымның отбасында 4 ер бар. Ол ең кенжесі. Үйде төрт абысынбыз, арамыз 3-4 жас. Төртеуіміз төрт түрліміз. Біз кенжесі болған соң үлкен үйде тұрамыз. Бала-шағаның барлығы бізде, бір-бірімізге жақын тұрамыз.
Басында бәрі жақсы болды. Мен ол кезде көп кемшілікке мән бермедім. Қазір ең үлкені бөлек шықты. Екінші және үшінші отбасы мінездерімен мені мезі қылды. Ата-енем «ойбай, оның ашуы бар, көңіл-күйі жоқ» деп, солардың айтқанын істейді, қабақтарына қарайды.
Бір абысыным біздің үйге келіп ұрыс-жанжал шығарып кетеді. Өте қырсық адам. Оған қой десең ешкімді де тыңдамайды. Тіпті күйеуінің де сөзін елемейді. Осы жақында оған бір ескерту айтқанмын. Содан ол маған ренжіп, аларып, мен жүрген жерге жақындамайды. Енем де сол күні маған сөйлемей қойды. Ол керек десе менің күйеуіммен де ұрыссуға дайын. Баласын біздің үйге таңғы 6-да әкеліп, жылатып тастап кетеді. Ал өзі үйіне қайтып, ұйқысын қандырады. Енеме баласын апарып тастайық десем, ұйықтай берсін деп жауап береді. Баласы беймаза, жылай береді. Кейде үйдегі үлкен абысынымның қыздары шаршап, айқай шығарады. Мұндай жағдайлар көп болады. Шаршадым. Ал екінші абысыным несиесін енемнің мойынына іліп қойды. Үйіне керек нәрсенің тізімін жазып, бізге беріп жібереді. Керек жарағын енем салады. Ал ақшаны менен сұрайды. Бермесем, ренжиді. Тек ата-енемнің көңілдері үшін шыдап жүрмін. Не істеуім керек?
Автор: Құпия қыз
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com.