"Астың дәмін тұз келтіреді, елдің сәнін қыз келтіреді" деп қазақ тегін айтпаған. Халық әр тағамға мөлшерге сай тұз салғанымен, кейде ет, балық жеген кезде қосымша сорпаға тұз қосып жеке ыдысқа "тұздық" дайындайды.
Тартылатын табақтың санына қарай мөлшерлеп сорпаға пияз, қарабұрыш, тұз т.б. дәмдегіштер салып, тұздық әзірлеп, ыдыстың бетін жауып бұқтырып қояды да, табақ тартылып, ет туралған соң, тұздықты табақтағы еттің үстіне жаймалап құяды.
Тұзсыз, тұздықсыз тағамда береке, дәм, құнар болмайды. Кейде ісінде береке, сөзінде пәтуә жоқ адамды "сөзінде дәм тату жоқ, тұздықсыз адам" немесе "сөзі су татиды" деген сөз осындайдан шыққан. Тұздық жеке тағам емес, ол тағамның дәмін арттырудың амалы.
Төменде тұздықтың ел арасына көп тараған бірнеше түрін таныстырамыз.
Май тұздық ــ қалқып алынған майлы сорпадан жасалады, кейде ет арық болса, оның сорпасына шекілдеуік майы, сары май, ерітілген құйрық майы қосылады.
Қатық тұздық ــ қарынға тұздап кептірген сүзбеден сорпаға езіп жасалады.
Құрт тұздық ــ ыстық, майлы сорпаға құрт езіп жасалады.
Көже тұздық ــ кеспе, бидай, тары, бұршақ, ұн көже езіп жасалады.
Қымыз тұздық ــ қымызға тұз езіледі.
Ақ тұздық ــ айран, қатық, іркіттен жасалады.
Ежігей тұздық ــ сүзілген құрт сүтке, сорпаға езіледі.
Тосап тұздық ــ суық тигенде, көк сау болып, ауырғанда арнайы жасалады.
Сөл тұздық ــ көкөніс, өсімдіктердің сөлінен жасалады.
Қақтама тұздық ــ пияз, бұрыш, сірке суы күштірек қосылып жасалады.
Атала ــ сүрі еттің сорпасына тұз, қатық немесе жас сүзбе езіледі.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: voxpopuli.kz