Түс бойынша тамақтаныңыз

Түс бойынша тамақтаныңыз

Психолог мамандар түрлі түс адамның көңіл-күйіне әсер етеді дейді. Кей түстер көңілімізді тыныштандырса, басқалары қуаныш пен шаттық сезімін береді. Қалай болғанмен адамға түстердің түрлілігі қажет. Бірсарынды қыс мезгілінде күннің көзі тығылып, айналамыз бір ғана ақ түске оранады. 

Бұл қажеттілікті түрліше қанағаттандыруға болады. Мысалға түрлі-түсті киім киіп, өзіңіздің де, басқалардың да көңілін көтеріңіз. Әдемі киімнен артық көңіліңізді тәтті тағам ғана көтере алады. Ал осы тамақ та жарқын, түрлі-түсті болса, аспен тек тойып қана қоймай, рухани күштеріңізді де қалпына келтіресіз.

Диетолог мамандардың айтуынша, әр түсті тағамның құрамында өзіндік дәрумен мен микро және макроэлементтер жиыны бар. Көбінесе тағамның түсі құрамындағы жеміс пен жидек, көкөністерге байланысты. Ал оларды басты 5 түске топтауға болады:

Қызыл топ


Бұл топқа қызанақ, қызыл болгар бұрышы, мүкжидек, қызыл алма, құлпынай, таңқурай, анар, қарбыз сынды қызыл түстес жеміс пен көкөністер кіреді. Олар жүрек-тамыр жүйенің жұмысын реттеп, адам ағзасының төзімділігін арттырады.

Сарғылт-қызыл топ 


Келесі топқа сәбіз, асқабақ, грейпфрут, апельсин, мандарин, лимон, өрік жемістері мен көкөністері кіреді. Диетологтардың айтуынша, олар иммунды жүйені берік қылып, көз ауруларының алдын алады.

Ақ топ

Банан, ақ жүзім, шабдалы, пияз сынды ақшыл жемістер мен көкөністер орталық жүйке жүйесін реттеп, ойлау, есте сақтау қасиеттерін жақсартады. Сондай-ақ дәл осы жемістер бақыт гормоны – серотониннің синтезделуіне көмектеседі екен. 

Жасыл топ


Жасыл топқа жасыл бұрыш, бұршақ, киви, авакадо, жасыл алма, көк-шөп түрлері жатады. Бұл топтың тағамдары антиоксиданттарға, қышқылдарға және ең бастысы С дәруменіне бай. Олар қандағы гемоглабин шамасын реттеп, улы заттарды ағзадан шығарады. Сонымен қатар жасыл топтың жемістері мен көкөністері арықтауға көмектеседі екен.

Көк-қара топ

Қызылша, шие, қызғылт-қара жүзім, қара өрік, қарақат, баклажан сынды көк-қара жеміс-жидектер мен көкөністер жастық эликсирі сынды жұмыс істейді. Ондағы антиоксиданттар жасушалардың ұзақ сақталуын қамтамасыз етеді, нәтижесінде сіз ерте қартая қоймайсыз.

Асыңызға әр кез түрлі-түсті көкөністер мен жеміс-жидектер қосуға дағдылансаңыз, денсаулығыңыз жақсарып, көңіл-күйіңіз де көтеріледі.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: lenta-ua.net, vk.com

С. А