Тосап қайнатып көріңіз

Кеше ғана жадыраған жаз келді деп асыр салып жүр едік, енді міне, көзді ашып-жұмғанша тамыздың ортасын да алқымдап қалдық. Көп ұзамай-ақ күңіренген күз де өз патшалығын құрады. "Қыстың қамын жаз ойла» деген аталы сөзге құлақ асатын аруларымыз қытымыр қыстың дайындығына кірісіп кеткен де болар. Айтпағымыз, түрлі жемістерден дайындалатын дәмді тосаптар жайлы еді.

Тосапты қатып шай ішкенді жақсы көрмейтін адам кемде-кем шығар. Әсіресе қарақаттан, таңқурайдан, шиден, алмадан жасалған тосаптар. Оларды қыста тұмау тигенде шайға қосып ішсе, тұмаудың тез кетуіне септігін тигізеді.

Кейбір кезде тосаптың қанты шығып, суы аз болып, немесе дәмі ащылау болып кететін кездер болады. Оның себебі тосапты қайнату барысында кеткен қателіктерден екен.


Сонымен тосапты қайнатқанда мынадай ережелерді ұстану керек:

Тосап дайындамас бұрын, жемісті бірнеше рет жақсылап жуып, арнайы ыдысқа салып, біршама уақытқа қант сеуіп қойсаңыз болады. Келесі, тосапты қайнататын ыдысқа назар аударыңыз. Алюминиий, болат ыдыстарға қарағанда жезді ыдыстар дұрысырақ. Мұндай ыдыстар тосаптың түсі мен дәмін, исін қалпында сақтай алады. Сондай-ақ, эмальды ыдыстарға жоламауға кеңес береміз. Тосап қайнатқанға кермек су (жесткая колодезная вода) пайдаланбаған жөн. Және де қайнатып жатып, отты жәй қою керек. Тосапты қайнатып болған соң, ыдысын ауыстырған дұрыс. Тосап салқындаған соң ғана банкілерге құю қажет. Бұдан жемістер бүгілмей, керісінше суланып, түсі мен дәмі жақсарады. Тосап әбден суымайынша банкілерді жабуға болмайды. Өйткені қақпақтың асты буланып, сулана бастайды. Су тосапқа тамшылап, ашуына себеп болады. Егер тосап қайнатып жатып кішкене лимон қышқылын қосып жіберсе, тосаптың қанты шықпайтын болады. Ал егер тосап қанттанып кетсе, әр литрге 3 үлкен қасықтан су құйыңыз да араластырып отырып бір қайнатып алыңыз. Кейде, тосаптың сәтсіз шығып, банкілердің қақпақшасы көтеріліп немесе атылып кететіні бер. Ондай тосаптарды кейбір жеңгелеріміз қайта қайнатып, жеуге жарамды етіп жатады. Уланып немесе басқа да зияндарға ұшырамас үшін тосапты тастағаныңыз абзал.

Суреттер:mobilmusic.ru,tebevkusno.com,armeniaonline.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева