Тоңазытқышта тұрған тағамдар иістеніп кетіп жатады. Мұндай жағдайға жол бермеу үшін тоңазытқышта тағамды дұрыс сақтаңыз.
1. Жұмыртқа басқа тағамдардың иісін өзіне сіңіріп қана қоймай, өзі де иіс бөледі. Сондықтан жұмыртқаны жуып, кептіріп, арнайы жұмыртқа салғыштың ішіне салып сақтаған дұрыс.
2. Тоңазытқышта тұрған сүт тағамдары тез бұзылады. Май, ірімшік, сүтті тоңазытқышқа саларда міндетті түрде бетін жапқан жөн.
3. Шұжық пен балықты шыны контейнерге салып сақтайды.
4. Тамаққа қосатын шөптерді жуып, мұқият кептіріп, целлофан пакетке салып, ауа кіріп тұру үшін пакетті бірнеше жерден тесу керек. Екінші әдіс – шөпті суға қойып, целлофан пакетпен орайсыз. Қолданар алдында ғана жуып, кептіресіз.
5. Қиярды қағаз майлыққа орап, целлофан пакетке салып сақтасаңыз, қияр 2 апта бойы бұзылмай тұрады.
6. Болгар бұрышы да тез бұзылады, оны жуып, турап мұздатқышқа салып қойыңыз. Тамаққа қосар алдында бір-бірлеп алып тұрыңыз.
7. Лимонды да қағаз майлыққа орап салу керек.
8. Қарбызды тоңазытқышқа әдетте екіге бөліп салады, өйткені, тұтас қарбыз сыймай жатады. Қарбыз тілігін тоңазытқышқа салғанда жанына басқа тағам қоймағаңыз және қабығын төменге, жұмсағын жоғарыға қаратып қою керек.
9. Орамжапырақты ас пленкасына орап, тоңазытқыштың ең суық бөлігіне қойыңыз. Егер орамай сақтасаңыз, орамжапыраққа тамған бір тамшының өзі оны бұзып, шірітеді.
10. Құлпынайды түбірін төмен, ұшын жоғары қаратып бір-бірлеп тәрелкеге салып тоңазытқышқа қояды. Бетін қағаз майлықпен жабу керек.