- Негізгі бет
- Аспаздық
- Тез тойдыратын сусындар...
Тез тойдыратын сусындар
Көктем келгенде диетаға отырып немесе дұрыс тамақтануды қолға алып жатамыз. Сондай уақытта бастысы өзімізді тоқтата біліп, күні бойы үзіліссіз тамақ жеуден бас тарта білу қажет. Мұндай жағдайда тез тойдыратын сусындар жақсы көмектеседі. Ендеше, төмендегі сусындарға көз жүгіртіңіз.
Лимон мен бал қосылған су
Бұл аштықты және тәттіге құштарлықты басудың ең қарапайым әдісі. Егер суға жұпар жаңғағын қоссаңыз, ол ерекше дәмді сусынға айналады.
Квас
Квас – пайдалы әрі дәмді сусын. Алайда оның дүкеннен сатып алынатын газды сусынды түрі емес, қолдан жасалған түрі ғана пайдалы екенін ұмытпаңыз. Егер асқазаныңыз ауыратын болса, квасты көп ішпеген жөн.
Алма мен мейіз қайнатпасы
Бұл сусын асқазан сөлінің қышқылдығын реттеуге көмектеседі. Оны ішсеңіз, тамақ жегіңіз келмейді. Бұл сусынды дайындау үшін 1 алманы және бір уыс мейізді суға қайнатасыз. Оны кішкентай балалар мен жүкті әйелдерге де ішуге болады.
Итмұрын мен бал қосылған сусын
Итмұрынның қышқыл қайнатпасы мен балдың тәтті дәмінен тойдыратын сусын алуға болады. Ыстық күйінде бұл сусынға дәм беру үшін аздап даршын (корица) салсаңыз да болады.
Компот
Балғын жидектерден немесе кептірілген жемістерден дайындалған компот – ағзаны дәрумендермен қамтып, ондағы қалдықты шығарады. Ол дәмді, пайдалы әрі аш қарынды тойдырады.
А. Жапатова