Копенгаген университетінің ғалымдары құрамында қанты көп сусындар мен тағамдарды көп пайдалану адам ағзасындағы түрлі орган мен тінге қан құйылуының нашарлауына әкеп соғатынын мәлімдеді. Уақыт өте келе бұл қанайналым жүйесін бұзып, инсульт және инфаркт секілді өмірге қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін. Мамандардың зерттеуіне 12 ер адам қатысты. Олар күніне 225 грамм қант тұтынды. Тестілеу барысында олар орындыққа отырып, бір аяғын көтеріп көрді. Сараптама басталғанына екі апта өткен соң, көтерген аяғының соңғы жағына қарай 17 пайыз қан аз жүре бастағаны анықталды. Яғни, бастапқы көрсеткішпен салыстырғанда денедегі қан құйылу процесі бұзылды. Ғалымдар мұндай жағдайда жүрек пен ми зардап шегіп, уақыт өте келе жағдай тым нашарлап кететінін айтты. Егер адам негізінен дұрыс тамақтанса, көкөніс, жеміс-жидек, жаңғақтарды жиі жеп тұрса, онда ара-арасында ішілетін жарты литр қантты сусын денсаулыққа айтарлықтай қатты залал келтірмейді. Бірақ қантты жиі пайдаланған кездегі келетін зиян 65 жасқа дейін тез қартаюмен бірдей. Сонымен қатар, бұл қарттардың жиі сырқаттанатын ауруларының қаупін ұлғайтады. Сараптама жасап болғаннан кейін екі апта өткен соң қатысушылардың қан бөліну жүйесінің қызметі қалпына келді. Дереккөз:baq.kz