- Негізгі бет
- Аспаздық
- Тәтті жазба. Десерттердің...
Тәтті жазба. Десерттердің шығу тарихы
Ыммм... Бұл жазбадан кейін кофеханаға барып, тәтті десерт пен шай не кофе ішкіңіз келетін анық. Қазір қандай тәтті таңдайтыныңызды шешіп алыңыз. Осы тізімнен сол тәттінің шығу тарихын біліп алсаңыз болады. Ендеше, ас болсын!
Макарон
Жұмыртқа ақуызы, қант, үгітілген бадамнан дайындалатын тоқбасар Италияда қайта өрлеу дәуірінде пайда болған. Ал кей деректерде XVI ғасырда Францияда Екатерина Медичи Апеннин түбегінен танымал кондитерді алып келген соң пайда болды деседі. Бір қызығы, бастапқыда бұл десерт арасында не кремі, не тосабы жоқ печенье секілді болған. Кейін Ladurée кондитерлері дәстүрлі макарон рецебін, түрі мен дәмін сәл өзгертіп, сүйкімді қыла түсті.
Эклер
Десерт ХІХ ғасырдың басында алғаш рет қайнатылған қамыр дайындаған Мари-Антуан Карем есімді аспаздың арқасында танымал болды. Францияның белгілі тұлғалары бас қосқан дастарханында жиі қойылатын тоқбасар үстел үстінен найзағай жылдамдығындай тез жоқ болып кететін. Сол себепті де француз тілінде éclair (найзағай) деп аталған. Неге екені белгісіз эклердің идеал ұзындығы 14 сантиметр, ал кремі қамыры секілді қайнатылған болуы шарт.
Маффин
Маффин ең алғаш рет X-XI ғасырда Англияда пайда болған. Ол кезде маффин шелпек тәрізді формада болатын және қалған қамырдан дайындалатын. Тоқбасар тосап не балмен берілетін. Маффин Англияда пайда болса да, XIX ғасырда АҚШ асханасына келген соң ғана танымалдыққа ие болды. Себебі америкалық өмір сүру салты тез дайындалатын тағамдарды талап ететін. Десерттердің тез дайындалатын түрі ретінде осы маффин таңдалған. Америкада кофехана өте көп, кофемен бірге маффин ұсынылады, сәйкесінше маффинге сұраныс көп.
Картошка
Кеңес дәуірінің көзі болып қалған Картошка тәттісі, негізінде, КСРО-да емес, Финляндияда дайындалған. Аңызға сенсек, фин ақыны Йохан Рунебергтің жұбайы келген қонақтарға тез арада тәтті тоқбасар дайындау керек болған, бірақ дастарханға қоятын ештеңе табылмапты. Содан кешеден қалған нан қоқымы мен мейізі қою тосаппен араластырып, қалыпқа салып, дастарханға қойған. Келген қонақтарға қатты ұнаған болса керек. Кеңес одағы 1920 жылдары азық-түлік жетпеген кезде осындай тәсілмен Картошка тәттісін дайындаған екен.
Тирамису
Италиялықтар тирамису XVII ғасырда Сиена қаласына тәттіқұмар Козимо ІІІ Медичидің келу құрметіне арнап дайындалған тоқбасар дейді. Ал кей деректерде бұл тоқбасар 1960-70 жылдары кондитерлердің тәжірибесінен туған делінген. Атауы «мені сергіт» деген мағына береді, расымен, сергітерліктей калориясы өте жоғары, себебі құрамында кофеин бар.
Безе
Бұл тәттінің екі атауы бар: безе немесе меренга деп аталатын тәтті де – тез дайындалатын әрі қарапайым десерттің бір түрі. Атаудың пайда болу тарихы да екеу: біріншісі, Швейцарияның Майринген қаласында дүниеге келген Гаспарини атты аспаз бұл тәттіні туған өлкесіне арнаған екен. Екінші нұсқа: безенің «туған жері» – Франция, baiser (безе) француз тілінде «сүю» деген мағына береді. Франсуа Массиалдың XVII ғасырда жарық көрген аспаздық кітабында көрсетілген безенің дайындау әдісі қазіргі рецептіге ұқсайды. Сол себепті, безені француз десерті деуге болады.
Шоколад плиткасы
Майя үндістері мен ацтектері ұзақ уақыт үгітілген әрі қуырылған какао бұршақтары қосылған сусынды ішкен екен. Өте ащы әрі қуаттандыратын сусын болған. Бұл сусынды британ колониалистері Еуропаға әкеліп, тәтті қылып дайындаған. ХІХ ғасырдың басында Конрад ван Гутен есімді голландтық азамат какао майын алу технологиясы патентіне ие болып, шоколад плиткасын дайындайды. Кейін құрғақ сүт қосып, сүтті шоколад да пайда болды.
Пудинг
Ағылшын асүйінің негізі болған пудинг, негізі, тәтті тағам болмаған. Бұл тағам XVIII-XIX ғасырларда ет пен кепкен жеміс қосып дайындалып, тағамның негізгі консерванты боп есептелетін. Кейін пудингке жаңғақ, қант, түрлі экзотикалық дәмдеуіштер қосылып, Англияның әр дастарханында тұратын тағамға айналды.
Құймақ
Орыс асханасынан үнемі кезіктіретін тоқбасар. Алғашқы деректерде құймақ IX ғасырда пайда болған деседі, таңғалатын жайт емес, бұны дайындауға көп ингредиент те керек емес: ұн мен су не сүт болса жетеді. Қызығы, бұл тағам алғашында «молоть» (ұнтақтау) түбірінен «млин» деп аталған екен. Жағдайы барлары құймақ арасына ет, балық, бал, тосап не ірімшік қосса, жоғы құр өзін жей беретін. Байдың да, жарлының да дастарханынан табылатындықтан, екі тарапты байланыстыратын тағам болған.
Чизкейк
Сәнге айналған бұл десерт күні кеше пайда болды десеңіз, қателесесіз. Чизкейктің отаны – ежелгі Грекия, жылнамашылардың дерегінде чизкейктің арғы атасы тәтті ірімшік қосылған бәлішті алғаш рет гректер дайындаған. Дәрігер Аеджимиус бұл десертті спортшылар калория үшін көп жегенін жазған. Кейін Римге «мұралыққа» беріліп, Юлий Цезарьдің сүйікті асына айналған. Англияда кеңінен таралып, одан Америкаға танылған. Сөйтіп, маффин секілді бұл тоқбасардың атын да АҚШ әлемге танытқан.
Г. Берік