- Негізгі бет
- Аспаздық
- Тархун сусынын дайындау...
Тархун сусынын дайындау әдісі
Халық арасында шөпжелкеннен жасалатын сусын кең танымал. Шөпжелкен дегеніміз - құлағымызға үйреншікті тархун шөбі болып табылады. Оны батыстықтар эстрагон деп те атайды. Тархуннан жасалатын жеңіл сергітетін сусын ыстық күнде шөліңізді басады және қуаттандырып, тамаша көңіл күй сыйлайды. Сусынды салқын күйінде ішу маңызды, сондықтан оған мұз қосып ішсеңіз де болады.
Үй жағдайында дайындалған тархун сусыны табиғи өнімдерден тұратындықтан дәмді және пайдалы болады, шаршағандықты басады.
Оны үйде дайындау үшін сізге:
- Тархун (эстрагон) – 1 үлкен түйіні;
- Лимон – 1 дана;
- Су – 1 литр;
- Қант ұнтағы – 1 стақан,
- Газдалған су қажет.
Тархун бұтақтарын ағын суда мұқият жуып, кептіріп, ірілеу етіп тураңыз.
Дайын болған тархунды балшықтан жасалған ыдысқа салып, ыстық су құйып, бетін жауып қойыңыз. Оны ас үй орамалымен орап қойсаңыз да болады. Сусын біраз ашысын.
Қант шәрбатын дайындаңыз. Ол үшін лимонды бірнеше бөлікке бөліп, шырынын сығып алыңыз. Қант ұнтағына аздаған су құйып, қант ұнтағы ерігенше араластырыңыз да лимон шырынын құйыңыз. Бәрін мұқият араластырыңыз.
Дайын сусынды қант шәрбатымен қосып, араластырыңыз.
Сусынды ұсынар алдында қалауыңызша газдалған сусын қосыңыз, нағыз лимонад шығады.
Сурет: www.elle.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina