Бұқара халық таңқурайды жақсы көреді және тіл үйірер дәмі мен нәзіктігін, хош иісін ерекше бағалайды. Осындай құрметтің арқасында "жидектердің патшасы" деген атаққа ие болып отыр. Ол үй іргесіндегі аумақтарда, ұжымдық бақшаларда өсуге жақсы бейімделген. Сұраныс бойынша, бүлдірген мен қарақаттан кейінгі үшінші орында тұр.
Археологиялық деректер үңгірді мекен еткен ежелгі адамдардың таңқурайды қорек еткендігін көрсетеді. Паладий олардың б.з.д. ІV ғасырларда болғандығын жазып кеткен. Грек мифологиясына сүйенер болсақ, таңқурайдың бастапқы түсінің ақ болғандығын байқаймыз. Күндердің-күнінде Юритер Құдай қаһарына мініп, айналасындағыларды әбігерге салады. Не істерін білмеген нимфа Ида таңқурайды теріп әкеліп, ашуын басуды ойға алады. Асығып-үсігіп жүрген Ида оның сабақтарындағы тікендерге саусағын тіліп алады да, қанның қызыл түсі ақ таңқурайды бояп тастайды. Осылайша, таңқурай мәңгілік қызыл болып қалған деген аңыздар бар.
Батыс Еуропада жидек туралы деректер тек ХV ғасырларда ғана кездессе, Америкада ХVІІІ ғасырлара ауызға алынады.
Таңқурай Ресейдің еуропалық бөлігінде, Сібірдің біршама аумағында, Қазақстан және Қырғызстан тауларында, Оралдың барлық жерінде өседі. Ақ түсті гүлдері мамыр айының соңы мен маусым айының басында гүлдеп, үш-төрт апта бойы жайқалып тұрады.
Таңқурайдың бірнеше сорты бар және оның түстері де әртүрлі болып келеді. Қара, күлгін, қызыл, алқызыл, ақ, кәріптас түсті жидектерді өзіңіз де көрген боларсыз. Жинау уақыты да біркелкі емес, бәрі де сортқа байланысты. Көктемнің соңынан күздің соңына дейін жеп үлгеріп қалуыңызға мүмкіндік бар.
Славян халықтары таңқурайды мейірімділіктің нышаны деп санайды. Жидектің қызыл шырыны мейірімділіктің бастауы болатын жүрек жұмысын жақсартатын көрінеді. Ал Филиппин жерінде таңқурай сабақтарын үйдің сыртқы қабырғасына іліп қояды. Бұған себеп болған оның сабақтары теріс күштерден қорғайды деген сенім екен. Германияда оларды аттарды жусату үшін пайдаланған (шамасы оны дуаланған жидек деп ойлаған болуы керек). Сабақтарын аттың денесіне байласа, атты тыныштандырған. Кейбір халықтарда түлкінің терісінің түсі осы таңқурайды көп жегендігінен деген түсінік бар. Және аю да біздің сүйікті жемісімізге ғашық деседі.
Таңқурайдың құрамында қант, пентон, органикалық қышқылдар, С, В, РР, D, E, K, A дәрумендері, жасұнық, калий, мырыш, фосфор, кальций, йод, цинк, хром, кобальт және хош иісті заттар бар. Халықтық медицинада оны ежелден бері ем-дом үшін пайдаланады. Жапырағы да, гүлдері де, жидегі де емдік қасиеттерге өте бай.
Құрамындағы химиялық заттар қатерлі ісік және жүрек қан-тамырлары, асқазан, тұмау ауруларымен жақсы күреседі. Ұмытшақтыққа да, қан аздыққа да, көз көру қызметіне де аса пайдалы.
Таңқурай шырыны тыныс алу жолдарына, суы іш өтуге, қышымаға, қан қысымының артуына, мастықты жазуға таптырмас көмекші (балмен, шаймен ішу керек). Шырынымен аузыңызды шайсаңыз, тіс жиегі ауруларына жақсы болмақ.
Жапырақтарын күнге күйгенде бетіңізге қолданып көріңіз. Және жапырақтан жасалған компресс бетті ылғалдандырып, қалпына келтіреді.
Құрамындағы қанттың көптігіне қарамастан, диеталық тағамдардың қатарына қосуға болады. Бір стақан жидекте 64 калория бар екен.
Таңқурай қышыма, терінің қабынуы сынды аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін. Сондықтан тұз байлану, бүйректің қабынуы ауруларында оған жоламаған дұрыс.
Жұлынған таңқурайдың ғұмыры ұзақ емес: бір күн, ары кетсе, екі күн. Үшінші, төртінші күнге дейін сақталса, бас киіміңізді шешіп, құрмет көрсетсеңіз болады. Оны басқа бір жерге алып бару да қиынның-қиыны, дұрысы – оны жаңа жұлынған кезде тойғанша жеп алып, хош иісін сақтау үшін қайнатып тосап жасау деп біліңіз.
Таңқурайды таңдауға келген кезде, оның көлеміне назар аударыңыз. Өйткені, көлемді таңқурайда ұсақ дәндер аз болады және мұндай сорттардың дәмі жақсы келеді.
Суреттер:phototimes.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева