Тамызда жеуге ұсынылатын азық-түліктер (жалғасы)

Тамыз айында балбырап пісетін көкөністер мен жемістердің тізімі және олардың пайдасы жайлы әңгімелеуді жалғастырамыз. Дәрумендер мен микроэлементтерге бай өнімдерді тұтынып, денсаулығыңызды жақсартып алуға тамаша мезгілді қалт жібермеңіз.

Жазғы алма


«Белый налив», «грушовка», «папировка», «китайка», «боровинка» – бұл аттар жаз соңында құлағымыздың құрышын қандырып қана қоймай, иіс сезіміміз бен асқазанымызды да қуантады. Жазғы сұрыптар хош иісті, шырынды және дәмді келеді, алайда олар тез бүлінеді, сондықтан ұзақ сақтауға келмейді (олар жинап алғаннан кейін 5-7 күн ғана дәмді болады).

Оларды жаңа піскен сәтінде жинап алып, шектеусіз жеуге болады. Өйткені алмалар бауыр, қуық қалбыршағы ауруларына төтеп беріп, бүйректе құм мен тастың жиналуының, атеросклероздың дамуының алдын алады. Пектин заттектері ағзадан боқаттар, бос радикалдар мен токсиндердің шығуын қамтамасыз етіп, ішек жұмысын реттейді. Құрамындағы темірдің арқасында денеге түсетін ауырлық пен қажудан кейін күш жинауға, ағзаның суық тию және жұқпа ауруларға қарсыласуына атсалысады, жүрек-қан тамырлары жүйесіне және кеудеге жақсы әсер етеді.

Алманың жазғы сұрыптарын жаңа піскен күйінде тұтынған жақсы. Оларды салатқа, смузиге, десерттерге қосып тұтына аласыз. Сонымен қатар олардан тосап, шырын және компот дайындауға болады.

Болгар бұрышы


Тәтті паприка - қан тамырларын қатайтатын аскорбин қышқылы мен рутинге бай. А дәрумені шаштың өсуін қамтамасыз етеді, көз көру қабілетін және тері, шырышты қабықтың жағдайын жақсартады. В1, В2, В6 және РР дәрумендері күйзеліске бейім, ісік, дерматит, ұйқысыздық пен әлсіреуге шалдыққан адамдарға оң әсер етеді. Жасыл бұрышқа қарағанда қызыл және сары бұрыштар тәттірек келеді. Алайда жасыл бұрыштың ішіне күріш салып пісіруге және консервілеуге қолайлы.

Болгар бұрышынан түрлі салаттар мен сорпалар дайындайды. Ол қуырылған еттің дәмін келтіреді.

Кәді


Жас кәдінің құнарлылығы - бар-жоғы 16 ккал, сондықтан тамыз айында бұл пайдалы жеңіл қорытылатын тағамды артық салмақ қосып аламын деп қорықпай жей беруге болады.

Кәді ас қорытуды жақсартады және теріге оң әсер етеді. Оның құрамында калий, фосфор, кальций мен жасұнық бар.

Жас кәді мен цуккини (қошқыл жасыл қабықты) таңдауға тырысыңыз. Оларды сорпаларға, қуырдаққа, көкөніс тағамдарына қосуға болады. Кәдіні ұнға аунатып, сарғайғанша қуыру өнімді тағам болады. Сонымен қатар кәдіні ұнтақтап оладьи жасайды. Кәдінің дәмі баялдыға қарағанда бейтарап болғандықтан оны етпен немесе дәмдеуіштермен қуыру ұсынылады. 

Сурет: pizza-neapol.com.ua, domguru.com

Дайындаған: Анар Мұстафина