- Негізгі бет
- Аспаздық
- Тамақты тоңазытқышта қаншалықты...
Тамақты тоңазытқышта қаншалықты ұзақ сақтауға болады?
Мерекеден кейін бірнеше күн тұрған бәлішті жейміз немесе қонақтан әкелген сарқытты ертеңгісін жеп жатамыз. Тоңазытқышта бірнеше күн сақтаулы тұрған тамақты жеу қаншалықты қауіпсіз?
Тамақты сыртқы түріне және иісіне қарап қана бағалауға болмайды. Себебі тамақта көбейетін, әдетте, көзге көріне бермейтін микробтар болады.
Сарапшылардың айтуынша, тамақтың қалай өндірілгеніне байланысты оны тоңазытқышта 5 күнге дейін сақтауға болады.
Егер біраз тұрып қалған тамақты жеп, бірақ одан кейін өзіңізді нашар сезінбесеңіз, тамағыңызда патогенді микроағзалар болмаған немесе олар өте аз мөлшерде болған. Тамақты дайындау кезінде балғын азық-түліктер қолданылса, оны жегеннен кейін ауырып қалу қаупі төмен.
Алайда тұрып қалған тамақты балалар, қарттар, жүктілер, аутоиммунды аурумен қиналатын немесе онкологиядан емделіп жүрген адамдарға ұсынуға болмайды: олар аз бактерияның өзінен ауырып қалуы мүмкін. Бір-екі күннен артық сақтауға болмайтын қауіпті тағамдарға теңіз өнімдері жатады.
Тамақты қалай дұрыс сақтау керек?
1. Тамақты бөлме температурасында 2 сағаттан артық уақытқа қалдырмаңыз.
Тамақты тоңазытқышқа салу үшін оның толықтай суығанын күтудің қажеті жоқ. Себебі микробтар жылы ауада жылдамырақ көбейеді. Тоңазытқышқа қатты ыстық ыдысты салмас үшін тамақты басқа ыдысқа алмастырып салыңыз немесе тамақ сәл суығанша балконға шығара тұрыңыз.
2. Тамақты кішкентай ауа жібермейтін контейнерде сақтаңыз.
Тамақты қауіпсіз сақтау үшін оны жылдам салқындату керек. Сондықтан тамақты кішкентай контейнерге салған жөн. Алдымен оны тоңазытқышқа қақпақсыз салуға болады, бірақ тамақ суығаннан кейін оның қақпағын жауып қою керек.
3. Таза ыдыс қолданыңыз
Контейнерлердегі тамақтарды бір-бірімен араластырмаңыз. Сол сияқты бір қасықпен тамақ араластырсаңыз, сол қасықты басқа тамаққа салмаңыз. Әр тамаққа таза және басқа ыдыс қолдануға тырысыңыз.
4. Тоңазытқыштағы температураны тексеріңіз
Егер тамағыңыздың бұзыла бастағанын байқасаңыз, тоңазытқыш температурасын тексеріңіз. Дұрыс температура +4°C градустан +7°C градусқа дейін өзгеріп тұрады.
5. Тамақты +75°C градусқа дейін қыздырыңыз
Тамақты дұрыс қыздыру арқылы өзіңізді көзге көрінбейтін патогендерден қорғай аласыз. Сарапшылардың айтуынша, егер тамақта патогенді микроағзалар болса, нақты температураға дейін қыздыру арқылы оларды жоюға болады.