Асүйде отбасыңызға таңғы ас, түскі ас және кешкі ас дайындауға біраз уақыт кетеді. Алайда тамақ пісіру процесін жылдамдатуға және оны жеңілдетуге көмектесетін қарапайым әдістер бар. Бірнеше қызықты лайфхак ұсынамыз.
Пюре жасауға миксер қолданыңыз
Егер суға піскен картопты әлі де қолмен езіп жүрсеңіз, ең қарапайым түрін болса да, бір миксер сатып алып қойыңыз. Себебі миксермен пюре жылдам дайын болады және ол өте жұсақ әрі дәмді шығады.
Майды үккіштің көмегімен жұмсартыңыз
Егер тоңазытқыштан немесе мұздатқыштан жаңа шыққан кілегей майы қатты болса және пышақпен кесу қиын болса, оны үккіштің ірісінен өткізіңіз. Ол қуыруға, қамырға немесе бутерброд жасауға керек болуы мүмкін. Қандай мақсатта керек болатыны маңызды емес, үккішті қолдану арқылы оған аса күш жұмсамайсыз.
Қатып қалған нанды сумен жібітіңіз
Егер нан кеуіп кетсе, оны тастауға асықпаңыз. Оған бірнеше қасық таза су шашып, содан соң оны қызып тұрған пешке бірнеше минутқа салыңыз. Сол кезде нан жұмсарып, қайтадан жеуге жарамды болады.
Лимонның суын көбірек алу үшін оны қыздырыңыз
Егер қол астында шырынсыққыш болмаса, лимонның суын көбірек шығару үшін оны микротолқынды пешке 20-30 секундқа салыңыз. Содан кейін лимонды қолмен сығу жеңіл бола түседі.
Көкөністерді (аскөк, көк жуа, ақжелкен және т.б) гүлдер секілді сақтаңыз
Көкөністер ұзағырақ сақталу үшін олардың сабақтарын суы бар құмыраға немесе ыдысқа салыңыз. Суды ыдыстың түбіне құю жеткілікті. Сондай-ақ, оларға күннің сәулесі тіке түспеуін қадағалаңыз және суын ауыстырып тұрыңыз.
Қантты ащы тамақтарға және тұзды тәтті тамақтарға салыңыз
Бұл лайфхак біртүрлі естілуі мүмкін, бірақ десерттерді тұздау және, керісінше, ащы әрі тұзды тамақтарға аздап қант қосу — тамақ дәмін үйлесімді етудің керемет әдісі.
Кесеге омлет пісіріп көріңіз
Кейде жұмысқа асығып, таңғы ас ішуге уақыт болмай қалады. Алайда таңғы асты уақытымен ішу маңызды. Асыққан кезде кесеге омлет дайындап көріңіз. Кесеге екі жұмыртқа, үккіштен өткізілген ірімшік (міндетті емес) және дәмдеуіштер қосып, араластырып, микротолқынды пешке салыңыз. Мұндай тойымды таңғы ас 3-5 минутта дайын болады.
Маринад ретінде апельсин шырынын пайдаланыңыз
Апельсин шырынын ішіп қана қоймай, оны тауық етіне арналған маринад ретінде пайдалануға болады. Оны зімбір, бал, чили бұрышы немесе паприкамен араластырып, осы қоспаны етке жағып, бірнеше сағатқа қалдырыңыз.
Пияз бен картопты бірге сақтамаңыз
Әдетте, көпшілік картоп пен пиязды бірге сақтайды. Бірақ олар газдар бөледі, сондықтан жылдам бұзылады. Сол үшін оларды бір-бірінен алшақ ұстаған жөн.