Тағам туралы сөз бола қалса, "Ас - адамның арқауы" деген аталы сөзді ауызға алып жатамыз. Ал сіз сол арқауыңызға айналған асыңыз туралы ақпараттарды жетік білесіз бе? "Иә" деп жауап беруге асықпағаныңыз жөн. Алдымен төмендегі мәліметтерге көз жүгіртіп алыңыз.
1. Сүт көгілдір реңді болып тұрса, оған бор қосылған деп жатады. Шын мәнінде, көкшіл сүт - өте пайдалы, онда май мен холестериннің өте төмен пайызы бар. Майдың құрамы - 0,05%. Яғни, майдың аздығы сүтке осындай түс беріп тұр. Онда ешқандай бор жоқ. Мұндай сүттің құрамындағы нәруыздың мөлшері де тым аз келеді.
2. Ұзақ мерзімге жарайтын сүттерге өте күшті консерванттар қосылады. Олай емес. Сүтті бірер минуттың ішінде 135 градусқа ысытады да, дәл осы қарқынмен бір демде суытады. Осының нәтижесінде барлық бактериялар өліп, дәрумендер қалады. Мұндай сүттер ашылмаған қалташада 120 күн, ашылып қойса, тоңазытқышта 4 күнге дейін бұзылмай тұрады.
3. Ауру тудырушы микробтардан құтылу үшін суды қайнату жеткілікті. Бұл да бір асығыс айтылған тұжырым. Қайнатпа пестицид, гербицид, нитрат, фенол сынды ауыр металдарды былай қойғанда, барлық микробтарды жоя алмайды. Суды толықтай тазарту үшін қайнату ғана жеткіліксіз екен. Оның үстінде қайнатылған ыдыстың қабырғаларына судың құрамындағы кальций және магний тұздары қалып қояды.
4. Тамақтан кейін жүзуге болмайды. Бұл миф осыдан жарты ғасыр бұрын пайда болған. "Заңды" шығарған - Қызыл Ай қоғамы еді. Олар тамақтан кейін суға түскен адам асқазан спазмасына душар болады немесе бірден өліп кетеді деген ескерту айтқан. Алайда 1961 жылы спорт дәрігері Артур Стайнхаус бұл тұжырымды жоққа шығарды. Бүгінде көптеген спортшылар тамақтан кейін бірден жаттығуға кірісіп кететіндіктерін айтып отыр.
5. Ғашықтардың тәбеті жоғалады. Дұрыс па, бұрыс па? Осы сауалдың бір тоқтамын айту үшін Женева университетінің психолог маманы Вилли Пасини өзінше зерттеу жұмыстарын жүргізіп көреді. Бұл да жаңсақ пікір екен. Керісінше ғашық жігіттердің тәбеті жоғарылап кететіндігі анықталды. Ал нәзік жандыларымыздың төрттен бір бөлігі ғана махаббат уайымынан тәбетін жоғалтып алатын болып шықты.
6. Балаларды саңырауқұлақпен тамақтандыруға болады. Осы сөзге ерген көптеген ата-ана сәбилеріне саңырауқұлақ береді. Бұл дұрыс емес. Олардың асқазандары саңырауқұлақты қабылдауға мүлде дайын емес. Улану қаупі өте жоғары.
7. Саңырауқұлақтан уланған жағдайда, ішімдік көмектеседі. Керісінше. Ішімдік көмектеспейді, қайта улануды одан сайын ушықтырып жібереді.
8. Майлы шашты аламдарға майлы тағам жеуге болмайды. Қалай сонда? Өзіңіз де ойланып көріңізші, күніне бір литр зәйтүн майын ішсеңіз, шашыңыздың соншалықты майланып шыға келетіндігіне сенесіз бе?!
9. Шикі өнімдер қайнатылғандардан жақсырақ келеді. Баклажан, фасоль сынды көптеген көкөністердің құрамында көптеген улы заттар бар, оларды қайнатылмай жатып жеуге мүлде болмайды. Оның үстіне, шикі өнімдер асқазанмен дос бола бермейді.
10. Астың сыртқы түрі мен иісі тәуір болса, жей беруге болады. Асықпаңыз. Мамандардың айтуынша, көптеген тағамдар қанша бұзылса да, сыртқы түрінен сыр бере бермейді екен. Тіпті иіс шығармайтындары да кездеседі. Сондықтан, күмәніңіз болса, тәуекелге бармаңыз.
11. Кофе жүктілікке кері әсер етеді. Кофеиннің ұрыққа немесе түсікке әсер етпейтіндігі дәлелденді. Десе де, екіқабат әйелдерге кофеден, кока-коладан және тағы басқа сусындардан аулақ болғаны жөн.
Суреттер:byaki.net
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева