Сүтте де сансыз сыр бар

Түркі дүниесінде ағарғанды киелі сұйықтық деп санаған. Қымыз, шұбат, айран т.б. сүт тағамдарын жалпы атпен «ақ» немесе «ағарған» деп атап, қасиет тұтқан. Қазақтың мифтік әңгімелерін зерттеген С.Қондыбайұлы өз еңбектерінде Маңғыстау өңіріндегі басына құт қонған атақты байлардың түстеріне Қыдыр иесі келіп, бас жағына көнекпен ағарған іліп кететін жәйттердің көп болатындығын айтқан. Осы түстен кейін олардың шаруашылығы дөңгеленіп, байлыққа кенелетіндігін келтіреді. Бұдан дана қазақ ертеден-ақ ағарғанды береке, байлықтың нышаны ретінде танығандығын байқаймыз.

Сондай-ақ халық дәстүрінде ауылға келген көштің алдынан шығу – адамгершілік, мұсылмандық, көршілік парызы. Ал мұндайда ақ алып шығу «осы ақтай таза, дәмді болайық» деген тілекті білдірген. Тағы да шығатын қорытынды ақ түсі адалдық ұғымын білдіреді.

Халқымыз Абай ақын айтқандай көктем туа сала, «түйе боздап, қой қоздап, қорада у-шу» басталатын сәтті асыға күтумен болады. Көптен күткен ұлы тойдың сәті туысымен, Жаратқан иесі мен ата-баба аруақтарына бағыштап, көпшіліктің ризашылығы мен батасын алу үшін таратылатын «желін садақасы», яғни «уыз» немесе «уыз көже» күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан ғұрып.

Уыз көжені көбінесе бірнеше рет бұзаулаған сиыр төлдегенде береді. Қазақтар қадым замандардан бері сүт пен одан жасалған тағамдарды қасиетті санап, оны дәріптеген. Күн батқан сәтте қазақтар сүтті далаға алып шығуға, сүт құйылған ыдыстың бетін ашық қалдыруға тыйым салған. Егер алып шыққан жағдайда ай-жұлдыздардың сәулесі түспесін деп, сүт құйылған ыдыстың бетін жауып немесе сүтке ағаш шаласын салып жатады. Бұлай жасалмаған жағдайда, мал ауруға шалдығуы мүмкін деп санаған.

Ғалымдар сүттің құрамында сода, фосфор, күкірт, хлор, тұз, протеин, глюкоза сынды ағзаға қажетті тұтас азық қоры бар екендігін анықтаған. Тек қана сүт ішіп күнелткен жағдайда адамның ұзақ өмір сүріп, ауруға шалдықпайтындығы белгілі болған. Аштық пен шөлді басатын да – сүт. Себебі, сүттің тоқсан пайызы судан тұрады. Ауру, қарт адамдар үшін сүт – бірден-бір ем дәрі.

Әлемде ең көп жасайтын адамдардың ғұмырларының ұзақ болу себебін зерттей келгенде, олардың негізгі тағамдары әрқашан да піскен сүт, айран, ірімшік т.б. сүт өнімдері екені анықталған. Шығыс Африкадағы кейбір тайпалар тек қана сүт өнімдерін қорек ететіндіктен, жүрек, қан тамырлары дұрыс жұмыс істейді.

Сүтте тірі организмдердің өсуі мен дамуы үшін өте қажетті заттардың екі жүзге жуық түрі бар екен: белоктар, май, минерал тұзы, түрлі дәрумендер, сүт қанты, түрлі ферменттер т.б.

Орыс ғалымы И.П.Павлов: «Адам ішетін тамақ түрлерінің ішінде сүттің алатын орны ерекше, бұған күнделікті тәжірибеде қандай көз жеткен болса, медицина да соны қуаттап отыр. Барша жұрт әркез де сүтті ең жеңіл, жұғымды тағам деп атайды және ол әсіресе асқазанда ақауы бар адамдарға, сондай-ақ толып жатқан өзге де  науқастарға, мысалы жүрегі, бүйрегі т.б. ауыратын жандарға аса пайдалы. Табиғаттың өзі дайындап берген тағамдардың ішінде сүтке не жетсін!» деп жазды.

Жалғасы мында...

Суреттер:mamadoktor.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева