- Негізгі бет
- Аспаздық
- Сушиге арналған күрішті...
Сушиге арналған күрішті қалай дайындаймыз?
Жапония мен біздің елдің мәдениеті бір-бірінен ерекшеленгенмен, қай елдің асүйінде болмасын "қаншалықты оңай болса, соншалықты жақсы" деген принцип жүреді. Сушиге күріш дайындаудың аса қиындығы жоқ. Алайда дұрыс піспей қалған күріш тамақтың дәмін бұзса, пісіп кеткен күріш роллдың пішінін сақтамайды. Жапонияда сушиге тұздық қосады, әйтпесе суши дәмсіз болады. Ендеше, сушиге арналған күріштің рецептісін ұсынамыз.
Жапониялықтар сүйікті тағамына күріштің "мистраль" деп аталатын сұрыбын таңдайды. Егер оны дүкеннен таба алмасаңыз, қарапайым ірі дәнді күріш ала беріңіз.
Күріш пен су мөлшерін 1:1,5 қатынаста есептеп, ол дайын болғанша пісіру керек. Мысалы, 200 г күрішке 250 мл су алу қажет. Осындай қатынаста алынған күріш езіліп кетпейді.
Күрішті пісірер алдында жақсылап жуыңыз. Күрішті оның суы мөлдір болғанша қайта-қайта жуу керек. Сонымен қатар, бетіне қалғып шыққан күріштерді алып тастаған жөн. Жапондықтардың ойынша, олар бүлінгенге жатады.
Күрішті пісіретін суға алдымен 1 нори балдырын салыңыз. Ол күрішке ерекше хош иіс береді. Су қайнайын дегенде нориді алып тастаңыз.
Классикалық суши рецебінде сірке суы тұздығын қолдану ұсынылады. Күріш дайын болған бойда оған сол тұздықты шашады. Тұздықты шашу кезінде күріш те тұздық та ыстықтау болуы керек.
Сушиге арналған күрішті пісіруді үйреніп алған соң үйден сушидің кез келген түрін дайындауға болады. Күріш суши тағамының негізі деуге болады. Сондықтан оны пісірудің әдістері көп. Күріш пісірудің ең оңай және кең тараған 3 рецептісін ұсынамыз.
1-рецепт. Күрішті жуып, оны кәстрөлге салып, су құйыңыз. Суық суға нори бөлігін салыңыз. Су қайнайын дегенде нориді алып тастаңыз. Нориді алған соң кәстрөл қақпағын мүлдем ашпаңыз. Су қайнаған соң отты бұқтырып қойыңыз. Оны 10-15 минут қайнатып, отты сөндіріңіз. Содан соң кәстрөлді газ плитасынан алып, қақпағы жабық күйінде 15 минутқа қалдырыңыз.
2-рецепт. Жақсылап жуылған 2 стақан күрішке 2 стақан салқын су құйып, 30 минутқа қалдырыңыз. Содан соң кәстрөлдің қақпағын жауып, оны плитаға қойып, отты қосыңыз. Ол қайнаған соң астын бұқтырып, 10 минут қайнатыңыз. Қақпағын ашпай, плитадан түсіріп, 20 минутқа қойыңыз.
3-рецепт. Күрішті жуып, қайнап жатқан суға салыңыз. Отты бұқтырып, кәстрөлді жауып қойыңыз. Күріш сұйықтықты толықтай сіңіріп алғанша қайнатыңыз.
Күрішке тұздық дайындау
Ол үшін 2 ас қасық күріш сірке суы, 1 шай қасық қант және 1 шай қасық тұз керек. Тұздықтың осы мөлшері 450 г піскен күрішке (200 г піспеген күріш) жетеді. Кәстрөлге сірке суды құйып, оған қант пен тұзды салыңыз. Орташа отта тұздықтың қанты мен тұзы толықтай ерігенше араластырыңыз. Күрішке арналған классикалық тұздықты дайындау қиын емес, тек күріш сірке суы қарапайым дүкендерден табыла бермейді. Егер күріш сірке суын таба алмасаңыз, төмендегі екі әдіс арқылы соған ұқсас сірке суын алуға болады.
1-әдіс. Сізге 1 ас қасық алма сірке суы, 0,5 шай қасық тұз, 1 шай қасық қант және 1,5 ас қасық ыстық су қажет болады. Кәстрөлге барлық ингредиенттерді араластырып, орташа отқа тұз бен қант ерігенше қоясыз (қайнатпаңыз).
2-әдіс. Сізге 1,5 ас қасық 6%-дық сірке суы, 1,5 ас қасық соя тұздығы және 1 шай қасық қант керек. Барлығын араластырып, ерігенше қыздырыңыз.
Сірке суын мүлдем қолданғыңыз келмесе немесе қол астында болмаса, оның орнына лимон суын алыңыз. Лимон суын қанттың аз мөлшерімен араластырып, оны дайын күрішке шашыңыз.
А. Жапатова