Студенттің ұлттық тағамы

Санаулы күндерден соң, күллі студент қауымы «Студенттер мерекесін» тойлайтын болады. Мереке қарсаңында студенттер, студенттік өмір хақында біршама әңгіме өрбіткеніміз жөн болар.  Әрбір ұлтың ұлттық тағамы болатындығы секілді, әр қауымның да өзіне тән асы болады. Осы орайда әңгімеміздің басын «Студенттердің ұлттық тағамы» аталып кеткен «Роллтоннан» бастағанды жөн көрдік. Өйткені, ХХІ ғасыр студенттерінің, әсіресе, жатақахана тұрғындарының арасында «Роллтон» дәмін татпаған, «Роллтонмен» дос болмаған студент жоқ болар...

«Роллтонды» тек студенттің тағамы деуге де болмайды. Өйткені, бүгінде мұндай тез дайындалатын тағамдар барлық жастағы, кез келген қызметтегі адамдар арасында да кең танымалдылыққа ие. Әсіресе, «Роллтонның» күні мен түні алма-кезек ауысып, зымырап өтіп жатқан аласапыран, қарбалас өмірде алтындай уақытты үнемдеуде тигізер пайдасы жоқ емес.

Ендеше, өзіңіз күнделікті қорек етіп жүрген тағамның шығу тарихынан хабардар бола жүріңіз.

Е-фу атты тез дайындалатын кеспе алғаш рет ХVІ ғасырда Қытай жерінде пайда болған. Ел аузындағы аңыз-деректерге сенер болсақ, Янчжоу атты қаланың беделді аспазы қатты қуырылған кеспені сақтап қойып, қонақ келгенде түрлі дәмдеуіштер қосып, суға салып берген екен. Ал заманауи кеспенің атасы – жапондық Момофуку Андо. Ол Chikin Ramen атты әлемдегі тұңғыш кеспе өндіретін орталықтың негізін қалаған. Өндіріс орнының бүгінде біз пайдаланатын кеспеге ұқсас түрі 1958 жылдың 25 тамызында шыққан болатын.

Ал Қазақстанда кең сұранысқа ие «Роллтон» брендінің тарихы 1999 жылы қапшықтағы тез дайындалатын вермишельдің сатылымға шығарылуынан басталады. 2000 жылы «Роллтон» өнімдерінің дәмді әрі тойымды сұрыптарының қатарын дайындауға ыңғайлы ыдыстағы картоп езбесі толықтырды. Шығарылғанына көп уақыт өтпей жатып, ерекше дәмі бар және ыңғайлы орамдағы «Роллтон» үлкен танымалдыққа, сұранысқа ие бола бастады. Мәселен, аталған кеспелерді ең көп қолданатын Индонезияға жылына адам басына 50 бума, екінші орындағы Жапонияға – 42 бума, үшінші орындағы Қытайға – 21 бума керек екен.

Бүгінде «Роллтон» өндіруден алдыңғы қатарда тұрған мемлекеттер - Корея және Ресей

2011 жылдың көктемінде «Роллтонның» «Ыстық сыбаға» атты жаңа өнімі сатылымға шығарылды. Бұл өнім – уақыты аз, белсенді өмір сүретін адамдардың қалауын қанағаттандыратын «ең сенімді» тағам деген мәртебеге ие болды. Оның: «Мексикандық тауық», «Цезарь тауық», «Карри тауық» атты бірнеше түрлері бар (дәміне қарай).

Көптеген адамдар «Роллтонның» зияндылығын айтып, өзгелердің үрейін ұшырып жүреді. Рас, тағамның мынадай пайдасы бар деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Өйткені,  тез дайындалатын тағамдардың құрамында микроэлементтер өте аз болады. Олардың энергетикалық құндылығының басым бөлігін көмірсулар құрайды. Табиғи өнімдер тым аз, ал ет мүлде жоқ.

Сондықтан, мүмкіндік болса, тез дайындалатын кеспелерге әуес болмаған жөн.

Суреттер:russiafaq.ru,news.unipack.ru,foodmarkets.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева