- Негізгі бет
- Аспаздық
- Смузи деген не?...
Смузи деген не?
Біз мәзірдегі «сусындар» бөлімінен «смузи» деген терминді көреміз. Алайда көбіміз оның не екенін білмегендіктен, «бәлесінен аулақ» деп, таныс сусынға тапсырыс береміз. Расында да, смузи деген не?
«Смузи» атауы ағылшынның «smoothie» сөзінен ауысқан. Бұл термин жұмсақ, жылтыр, жағымды деген сөздермен түсіндіріледі. Расында, смузи — жеміс-жидектер немесе көкөністер мен сүт не сумен араласқан қою, бір тұтас сусын.
Бұл коктейль АҚШ-та 1960-жылдары танымал бола бастады. Смузи сөзі «хиппи» субмәдениетінен бастау алды деген тұжырым бар.
1980-жылдары смузи өндірістік масштабта дайындалып, сұлулық пен денсаулық сусыны ретінде сатыла бастады.
Қазір Нью-Йорк пен Лондонның өзінде тек смузи сатумен айналысатын 15,000 орын бар.
Смузиді сатып алған дұрыс па, әлде үйде жасаған жөн бе?
Диетологтардың пікірінше, смузиді үйде жасау керек. Неліктен?
1. Коктейльдің құрамында қандай жеміс пен көкөніс бар екенін нақты білетін боласыз. Сонымен қатар смузидің құрамын өз қалауыңызша өзгерте аласыз.
2. Қант құрамын бақылай аласыз. Әдетте смузи дайындауда жеміс пен жидек құрамындағы қанты жеткілікті саналады. Алайда өндіріс орындарында жасалатын смузидің құрамында қант көбірек болуы мүмкін.
3. Жеміс пен көкөністерді блендермен араластыру барысында коктейль құрамында тәбет пен қан құрамындағы қантты қалыпта ұстауға көмектесетін жасұнық молынан болады.
4. Смузиге кез келген ингредиентті қосуыңызға болады: йогурт, қауыз, дәндер, айран, салат, жаңғақ, т.б.
Ал сіз смузидің дәмін көрдіңіз бе?
Ф. Абилова