Бұл суреттегі тағамды фитнес блогерлерден бастап лайстайл блогерге дейінгі белсенді өмір сүретін адамдардың инстаграмм парақшасынан көрген боларсыз. Смузи-боул аталатын жемістер мен жидектерден құралған таңғы ас әдемі көрініп, тәбетті ашатынымен қоса, тері, шаш және жалпы ағзаның сау болуына өте пайдалы. Осындай демалыс күндердің бірінде әдеттегідей асығып-аптығып жей салатын еш пайдасыз дүниеден гөрі, әдемілеп кесілген жеміс тілімдеріне жидектер мен тәтті йогурт қосып жасап көріңіз. Оған көп уақыттың да қажеті жоқ. Шай қайнағанша дайын болады. Смузи-боулдың тәбет ашатындай әдемі болуы өз қолыңызда.Тек ниетіңіз болса, сол жеткілікті.
Боул құрамында кез-келген өнім болуы мүмкін: жеміс не көкөніс пюресі, пудинг, йогурт, дәнді-дақылдар.Смузи-боул құрамындағы заттар ағзаға максималды түрде пайдалы болуы үшін түрлі-түсті жемістер мен жидектерді таңдаған жөн.
Сары түсті смузи алу үшін ананас, шабдалы және манго, жасыл түс алу үшін киви, авокадо, алмұрт, қызыл түс алу үшін қызылшаның қайнатылған сөлін, құлпынай, қоңыр түс үшін какао, түрлі жаңғақтар пайдалансаңыз болады.
Таңғы асқа үнемі осындай смузи дайындауды әдетке айналдырсаңыз, ұйқыдан тұруыңыз да қиындық тудырмасы анық.