- Негізгі бет
- Аспаздық
- Шығыстың "тәтті ертегісі"...
Шығыстың "тәтті ертегісі"
Рахат-Лукум – Түркияда пайда болған ең танымал шығыстық тәтті. Батыс елдері оны "Түрік ләззаты" (Turkish Delight) деп атайды. Ал түріктер оған "локум" деген атау таққан. Бастапқыда су, қант, крахмал және раушан күлтелері қосылып жасалатын тәттінің 500 жылдың тарихы бар.
Түркияға келген бірде-бір турист дәм татпастан кетпейтін осы бір кереметтей жеңсік ас қалай пайда болды екен? Бір деректерде ХVІІІ ғасырлардың соңында күнделікті қатты тәтті тағамдардан жалығып кеткен сұлтан жаңа тәтті ойлап табуға бұйрық береді. Сонда Әли Махиддин Бекир атты түрік кондитері рахат-лукумды ойлап тапқан деседі. Ал келесі бір жазбаларда Оттоман патшалығының сұлтаны сансыз әйелдерінің көңілін табу үшін осындай тағам әзірлеуге тапсырма берді деп айтылады.
Әйтеуір, шебердің есімі нақты белгілі. Әли Махиддиннің аспаздық тәжірибелерінің нәтижесінде жұмсақ әрі нәзік, бірақ, шыдамдылықты қажет ететін жеңсік ас дүниеге келді. Ол ыстық қант шырынын суда ерітілген крахмалмен араластырып, пайда болған қоспаны белгілі бір пішінді қалыпқа (майланған) салады. Қоспа әбден бірігіп, қатайғанша бірнеше бөлікке бөліп, қант ұнтағын себеді.
Бұл бастапқы әдіс қана, кейіннен дәмін жақсарту үшін бал, бадана, орман жаңғақтары, пісте, даршын, лимон қабығының үгіндісі, жемістер мен шоколад қосылатын болды. Заманауи кондитерлер дәстүрлі мәзірге жауапкершілікпен қарап, тәттіні дайындағанда алқызыл су қосуға тырысады.
Әлгі оқиғадан кейін көп ұзамай Рахат-лукумның атағы жер жарып, Әли Махиддин Стамбулдың орталығынан шағын дүкенін ашады. Уақыт өте келе оны Оттоман патшалығының барлық жерінде, тіпті шетелдерде де сататын болды. Балқан елдерінің асханасының төрінен орын алды.
Әли Бекирдің немересі Мехмед Мухиддин 1897 жылы Брюссельде өткен көрмеде еуропалықтардың алдына осы рахат-лукумды таныстырып, алтын медальға ие болды және Еуропаға тасымалдау туралы келісім-шартқа қол қойды. Жеңсік ас шәймен ішуге ыңғайлы болғандықтан, ағылшындардың асқазанын лезде жаулап алды.
Рахат-лукумның пайдасы мен зияны: адам ағзасының қартаюын бәсендетіп, ақыл-ой қабілетінің артуына септігін тигізеді. Иммундық жүйені, қан құрамын жақсартып, суық тиюде көмек бере алады, ас қорытуды тездетеді. Алайда, құрамында қант көп болғандықтан, ағзаға майдың жиналуына жол ашады, оның арты гипертонияға және қант диабетіне апарып соқтыруы мүмкін.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет:vk.com