Ішті кептіретін 5 өнім

Ішті кептіретін 5 өнім
Фото: pixabay.com

Кей өнімдер іштің кебуін шақырады. Нәтижесінде, ішіңіз үріліп, ауыртпалық пен жағымсыздық сезінесіз. Кейде, тіпті, ішіңіздің үрілгені киіміңізден де білініп, көңіл күйіңіз түсуі мүмкін. Сондықтан маңызды кешке барарда қандай өнімдерді жемеген жөн?

Жүзім
Кез келген жүзім — асқазан үшін ауыр өнім. Жүзім құрамында көп мөлшерде болатын фруктоза көп газ түзілуді және іштің кебуін шақырады. Оны қорыту үшін асқазанға нақты ферменттер керек. Ал ол ферменттер әркез қажетті мөлшерде бөліне бермейді. Бұл алма, шабдалы, қауын және алмұртқа да қатысты. Оған қоса, жүзім — өте калориялы өнім, сондықтан оны сирек және тек десерт ретінде жеу ұсынылады.

Қырыққабат
Қырыққабат — өте пайдалы көкөніс. Ол жасұныққа, түрлі минералдарға және К дәруменіне бай. Алайда жақын арада денеге жабысып тұратын көйлек киіп шығу ойыңызда болса, одан уақытша бас тарта тұрған жөн. Бұл тек шикі қырыққабатқа қатысты айтылған. Бұқтырылған немесе пісірілген қырыққабатты кез келген уақытта жей беруге болады.

Нан және пісірмелер
Нан және ақ ұннан дайындалған кез келген пісірмелер ағзаға артық көмірсулардан басқа ештеңе әкелмейді. Нанды дайындауда қолданылатын ашытқы мен қант асқазанда газ түзілу және ашу процестерін іске қосады. Сондықтан ол іш кебудің немесе басқа да жағымсыз сезімдердің себебіне айналуы мүмкін. Егер наннан толықтай бас тарта алмасаңыз, оның ашытқысыз тұтас дәнді ұннан жасалған түрлерін таңдаңыз.

Тосап қосылған сүзбе
Барлық сүтті өнімдерде болатын лактоза мен сүтті бактериялар іш кебудің және қиын асқорытудың себебі бола алады. Бірақ оларды жемістермен және қантпен (джем және тосап) бірге жесеңіз, жағдай ушыға түседі. Мұндай қоспаны қорыту ауыр: ақуыздар ұзақ бөлшектеледі, ал тосап бұл уақытта аши бастайды.

Газдалған су
Тәтті газдалған сусында да, қарапайым минералды суда да ауа көпіршіктері бар. Олар асқазанның үлкеюіне әкеледі. Бұл кезде іштің кебуі 3-4 сағатқа дейін созылып, ауырлық пен жағымсыздық бірге жүруі мүмкін. Бұл минералды судан толықтай бас тарту керек деген сөз емес, алайды оны ішу кезінде абай болу керек.

А. Жапатова