Көкөністердің көпшілігі шикі күйінде құрамындағы пайдалы заттарын толықтай сақтайтынын білеміз. Бірақ сонда да біздер кей шикілей жеуге болатын көкөністерді пісіріп жейміз. Олар қандай көкөністер?
1. Гүлді орамжапырақ
Біріншіден, гүлді орамжапырақ — өте пайдалы көкөніс: оның калориясы аз және құрамында жасұнықтар, С және К дәрумені, сульфорафан мен холин көп. Бұл көкөніс ми саулығына пайдалы. Екіншіден, шикі гүлді орамжапырақ — дәмді көкөніс. Оның дәмі қарапайым орамжапыраққа ұқсайды.
2. Брокколи
Брокколиді көпшілік ұзақ қайнатып жібереді. Сондықтан да оның дәмі болмайды. Ал шикі брокколи қытырлақ әрі шырынды келеді. Ол термиялық өңдеу кезінде дәрумендердің, мысалы, С дәруменінің бір бөлігін жоғалтады. Сондай-ақ, брокколиде калий, А дәрумені, жасұнық, фолий қышқылы және сульфорафан (артериялық қысымды түсіре алатын маңызды зат) бар. Брокколиді шикілей көкөністі салатқа қосуға немесе одан смузи жасап ішуге болады. Ол лимон суымен жақсы үйлеседі.
3. Болгар бұрышы
Бір орташа болгар бұрышында шамамен 32 калория және С дәруменінің көп мөлшері бар. Оны термиялық өңдеу кезінде ондағы дәрумендердің бір бөлігі жоғалады, сондықтан бұл көкөністен барынша пайда алғыңыз келсе, оны шикілей жеңіз. Оған қоса, болгар бұрышы — В6 және Е дәруменінің, магнийдің керемет көзі.
4. Жас кәді
Шикі кәдінің дәмі майлы емес авокадоға ұқсайды, сондықтан ол жеңіл көкөністі салат дайындауға жақсы келеді. Бір орташа жас кәдіде шамамен 33 калория, 2 грамм ақуыз, 2 грамм жасұнық, А және С дәрумені, калий бар. Бұлар — барлық ағзаның дұрыс қызмет етуіне қажетті маңызды элементтер.
5. Қызылша
Әдетте, қызылшадан борщ және винегрет салатын дайындаймыз. Бірақ оны шикі күйінде де салаттарға қолдануға болады. Мысалы, қызылша, сәбіз және алманы үккіштен өткізіп, аздап лимон суы мен зімбір қосыңыз. Сол кезде құрамында жасұнықтары көп жеңіл салат аласыз. Қызылша иммунды және қантамырлар жүйесіне көмектесетін С дәруменіне, калийге, марганецке және фолий қышқылына бай.