Шәйді әдемі ішу өнерін күллі әлем жұртшылығына үйреткен – Аспанасты елі, яғни Қытай саналады. Дәл осы елде шәй ішу рәсімін өткізу дәстүрі бірнеше ғасыр бұрын пайда болған еді. Қытай жұртшылығы шәйді ұлттық сусын ретінде ғана танып қоймай, «өмір оты» және «өсімдіктердің данагөйі» деп жоғарғы баға беріп, қасиет тұтады.
Біздер, яғни ХХІ ғасыр тұрғындары қалташалардағы шәйді ішуді әдетке айналдырдық. Сондықтан шәйдің әсер ету қасиетін түсіну, оны қайната білу өнерін меңгеру сіз үшін де, біз үшін түсініксіз әрі қиын болып көрінуі мүмкін. Саспаңыз, төмендегі мәліметтеріміз сізге көмектесетіндігіне кәміл сенеміз.
Қытайдағы дәстүрлі шәй ішу рәсімі – Гунфу-Ча деп аталады. Мұндағы соңғы буын «шәй» деп аударылса, алғашқы екеуі «асқан шеберлік» немесе «асқан өнер» деген мағынаны білдіреді. Әрине, соңғы уақыттары қытайлықтар да кофе, минералды сусын, кола сынды бөтен елден келген сусындарға үйренісіп жатыр, десе де, шәйді құрметтеп, көңіл бөлетіндердің қатары өзге елдерге қарағанда аса жоғары.
Қытайлық шәй ішу рәсімінің басты мақсаты – шәйдің хош иісі мен тіл үйірер дәмін паш ету болғандықтан, мұнда асығыстыққа жол жоқ. Жібектей жұмсақ мінез иелері, адам жанын рахатқа бөлер бамбук сыбызғысының дыбысы, шағын ыдыс, әсіресе, тыныштық пен татулық – рәсімнің негізгі шарттары болып табылады.
Рәсім қадамдары:
1. Рәсімге қажетті аспаптарды дайындау және «чабаньды» (шәй үстелі) безендіру.
2. Суды үлкен көпіршіктер шығып, бұрқылдағанша қайнату.
3. Ыдысты жылыту.
4. Демдеуге арналған шәмбені (шәй қорапшасы) чахэге себеді. Содан кейін шәй иісін рахаттана жұтады.
5. Шәйнектің ішін құрғақ шәмбемен толтырады.
6. Қақпағын жапқан соң, сулықпен орап алып, ары-бері төңкеріп араластырады.
7. Шәйнекке су құйылады. Бірінші тұнбаны ішуге болмайды. Бұл - жапырақтарды жуу үшін.
8. Екінші демделген шәйді биіктеу шынылардың (вэнсябэй деп аталады) ¾-не құяды да, оның бетіне аласа шыныларды қояды (чабэй деп аталады). Екеуін бір-біріне жақсылап беттестіріп тұрып, кері аударады.
9. Вэнсянбэйді сағат тілімен айналдырып отырып, хош иісті рахаттанып жұтуға болады. Содан кейін барып алғашқы жұтымды жасауға рұқсат.
10. Шәйді тауысқан соң, рәсім қайталанады. Шәйді үш-жеті рет, яғни оның дәмі мен иісі кеткенше демдеуге болады.
Қарапайым күндерде ішкен әрбір шәйіңіз дәмді болсын!
Суреттер:pressfoto.ru,mjata.ru,blog.i.ua,artleo.com,vk.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева