- Негізгі бет
- Аспаздық
- Шаурманы үй жағдайында...
Шаурманы үй жағдайында қалай дайындаймыз?
Шаурма дегеніміз – ішіне қой, сиыр, тауық еті, түрлі көкөніс және тұздық салып дайындалатын шығыс тағамы. Соңғы кезде оны дайындаушылар араб нанының орнына лаваш пайдаланады.
Түрлі еттен дайындайды: қой етінен бастап үндік етіне дейін пайдаланады десек те болады. Алайда барлық жерде бірдей дайындалады. Алдымен жұқалап кесіп, артынша жақсылап асхана балғасымен ұрғылайды. Сөйтіп 12 сағатқа қалдырады. Әдетте етті жанып тұрған оттың үстінде пісіреді. Ал үй жағдайында түбі терең табаға пісіруіңізге болады.
Шаурма «шырынды» болуы үшін жоғарғы жағына апельсин іліп қояды. Оның шырыны біркелкі ағып, барлық етке сіңіріледі. Үй жағдайында еттің үстіне шыжғырылған тоң май құюға болады.
Етті алдымен маринадтап алады. Сиыр етін маринадтау үшін лимон, сірке суы мен пияз қосылған қызыл шарапқа салады. Ал тауық етін майонездің көмегімен маринадтайды.
Әмбебап маринадтау: етке арналған үгітілген қоспа (даршын, кардамон, қалампыр, ащы затар, күнзе, каммун, қара бұрыш) + етке арналған қызыл сірке суы + зәйтүн майы + ақжелкен. Барлығын араластырып, етке құйыңыз. Үйде етті табаға қуырып, аз ғана мөлшерде тоң май қосуыңызға болады.
Нанның да түрлісін таңдайды. Мысалы, Ливанда жұқа нан алып, етті оның сыртына орайды.
Лаваштың тек жаңа дайындалған түрін ғана пайдаланған жөн. Әйтпесе, үгітіліп кетеді. Немесе лавашты сатып алып, оны бірден тоңазытқышқа қатырып қойсаңыз болады. Екі адамдық тамаққа екі лаваш жетеді.
Көше сатушылары шаурманың ішін майонез бен кетчуп қосылған орамжапырақ, пиязбен толтырады. Үйде жасалатын шаурмаға қалағанымызды қоса аламыз. Орамжапырақты кәріс сәбізімен, ал ал кетчуп пен майонезді соуспен алмастыруға болады. Тұздалған қияр мен ірімшікті, қуырылған картопты қосамыз. Бұдан өзге етке түрлі соус тұтынамыз. Мысалы, грузиялық «ткемали» немесе қытайлық қышқыл соус.
Шаурма дайындау барысында қызанақты жұқалап кесіңіз. Қиярдың қай түрін таңдайтыныңыз өзіңізге байланысты. Орамжапырақ пен сәбізді үккіштен өткізіңіз. Микротолқынды пеште жылытқан кезде, майонез мен кетчуп еріп кететіндіктен, оларды аз мөлшерде ғана қосқаныңыз абзал.
Классикалық соус
Ол үшін бізге 1 л. тазартылған май, 2 жұмыртқа, 10-11 тіс сарымсақ, 1 шәй қасық тұз қажет.
Жұмыртқа мен тұзды миксердің көмегімен үгітеміз. Артынша үккіштен өткізілген сарымсақ, май қосамыз. Оны шетінен құйып отырсаңыз, су секілді сұйық болады. Егер тұздығыңыздың ерекше болғанын қаласаңыз, лимон мен сірке қышқылын немесе көк шөп қосыңыз. Кейін бір стақан жылы су құйыңыз. Ащы тағамдарды ұнатсаңыз, қызыл бұрышты пайдаланыңыз.
Шаурманы қалай ораймыз?
Орамжапырақ пен сәбізді лаваштың үстіне саламыз. Артынша табада қуырылған ет пен қызанақ, қиярды саламыз. Соңында кетчуп құямыз. Бұдан кейін пакетке салып, 50-60 секунд микротолқынды пеште жылытамыз. Келесідегідей қоспаларды пайдалануыңызға болады:
1. 1 ас қасық tehina пастасы – 1 лимонның шырыны қажет. Көк пияз, ақжелкен, күнзе, ащы затар, ащы көк бұрышты араластырамыз. Үстіне лимон шырынын құйып, тұз бен аз ғана сарымсақ қосамыз.
2. Қиярды төртбұрыштап турап, жалбыз бен сарымсақ қосамыз. Үстіне қышқыл қою сүт құйып, тұз себеміз.
3. Маринадталған пияз да шаурманың дәмін кіргізеді.
4. Өзіміз үйреніп қалған майонезді де тұтынуға болады.
Қ. Бүйенбай