- Негізгі бет
- Аспаздық
- Сапалы ірімшікті қалай...
Сапалы ірімшікті қалай таңдаймын?
Ірімшікті жақсы көресіз. Дүкенге кірдіңіз, түсі, пішіні, құрамы, тіпті, өндірушілері де әртүрлі ірімшіктерді көргенде басыңыз айналып қалды. Таңдауды қалай жасайсыз? Әрине, ол үшін "ірімшік классификациясын" жақсы білу қажет. Шындығына келгенде, мамандардың өзі ірімшік сортына келгенде қақалып жатады. Біліңіз, ең дұрыс ірімшік классификациясын жасаған француздар екен. Міне...
Жаңа (свежий) ірімшік
Мұндай ірімшіктер әдетте сұйық келеді, яғни, сүзбені еске салады. Ең танымал түрлері: итальяндық Моцарелла, Рикотта, Маскарпоне және грекиялық Фета. Рикоттаның нәзік қышқыл дәмі бар. Оған көбіне дәмдеуіштер мен шөптер қосылады. Маскарпоне тіптен әмбебап ірімшік, жұмсақтығы, майлылығы жөнінен сары майға ұқсас келеді. Ал Фета тек қой сүтінен жасалады. Алайда, оның құрамына мән беру керек, мәселен, болгарлар Фетаны сиыр сүтінен жасағанды құп көреді.
Сығымдалған әрі пісірілмеген ірімшік
Бұл ірімшіктердің қатты қабығы бар және сары реңді болатындықтан "классикалық ірімшік" болып көрінеді. Олар ұсақталып, белгілі бір пішінге ыдырап, сығымдалып жасалады. Аздап кептірілгеннен кейін, тұздықта өңделіп, айлар бойы жетілдіріледі. Ең танымал түрлері: Мимолет, Пекорино, Гауда, Чеддер және Эдамер. Эдамердің жаңғақ дәмі бар, 1,5-2 жыл бойы дайындалады. Пекориноның ерекше патенті бар, қой сүтінен жасалады және 2-12 ай аралығында өңделеді Жас Пекориноның тәтті-жемісті дәмі бар, ал әбден бабына келген ірімшіктен шөптердің иісі шығып тұрады.
Сығымдалған, пісірілген ірімшік
Аталған ірімшіктің ашық түсті қабықшасы бар, ал қоспасы боз-сары түсті, тесікті, көбіне, дөңгелек пішінді келеді. Жасалу технологиясы жоғарыдағы ірімшікпен ұқсас, бірақ, сығымдалудан бұрын қыздырылады. Ең мықты деген сорттары кешкі және таңғы сүтттің ұоспасынан жасалады. Ең танымал түрлері: Бофор, Пармезан, Эмменталь, Конте, Грюйер. Эмменталь – элитті ірімшік, салмағы 100 келілік ірімшіктен кесіліп алынады. Тесігі үлкен, жемісті-жаңғақты дәм шығады. Грюйер – нағыз шведтік ірімшік, ащы дәмімен ерекшеленеді. 5-9 ай аралығында бабына келіп, бір немесе одан да көп жылға дейін жарайды.
Зеңді жұмсақ ірімшік
Еті боз-сары түсті, айырықша көгерген түсті қабықшасы бар, майлы және жұмсақ ірімшік көптің көңілінен шығып жүр. Сүтті қоюландыру рәсімінен кейін қоспа күйдіріліп, сығымдалады, тұздалады, саңырауқұлақты ертінді себіледі. Ең танымал түрлері: Камамбер және Бри. Бри – ірімшіктердің "ақсүйегі", тіпті, патшасы саналады. Бри еуропалық монархтар мен ең ауқатты ақсүйектердің дастарқандарына қойылған.
Зеңді көгілдір ірімшік
Бри ірімшігімен Рокфор ғана бәсекеге түсе алады. Рокфор – зеңді көгілдір ірімшіктердің типтік өкілі. Сығымдалмаған ірімшік қоспасы тұзбен сыланып, саңырауқұлақ зеңіне батырылған инемен шанышқыланады. Нәтижесінде жасыл-көк түсті қатпарлар пайда болады, осы арқылы ерекше дәмге ие болады. Рокфор қой сүтінен, ал осы топқа жататын Блё де Косс, Горгонзоллу және Блё де Бресс сиыр сүтінен әзірленеді.
Қызыл зеңді шеті жуылған ірімшік
Бұлар айрықша иісімен, дәмімен танымал. Тұзды суға жуылған ірімшікте қызыл реңді саңырауқұлақтар пайда болады. Ең танымал түрлері: Ливаро, Маруаль, Лимбург және Эпуасс. Эпуассты кезінде Франция императоры Наполеон Бонапарт жақсы көрген екен.
Өзіңіздің сүйікті ірімшігіңізді таныдыңыз ба?
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: oede.by, kulinarii.com