- Негізгі бет
- Аспаздық
- Павлодарлық студенттер қымыздан...
Павлодарлық студенттер қымыздан балмұздақ дайындады
Павлодарлық студенттер қымыздан балмұздақ дайындады, − деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Басылымның мәліметінше, павлодарлық студенттер Асхат Айтжанов пен Нургиза Калинованың "Қымыздан балмұздақ дайындау" тақырыбында қорғаған жобасы жастардың бизнес-бастама форумында жеңімпаз атанып, 500 мың теңге жүлдеге ие болды.
Жоба авторларының бірі Асхат Айтжановтың айтуынша, бұл идея бір ай бұрын туындап, аз уақыт ішінде қолға алынған.
"Біз әуелі шипалы сусыннан жасалған балмұздақты балалар мен ересектерге ұсындық. Ерекше тағам дәм татқандардың көңілінен шыққан соң, білім ордасының басшылығына ресми хат жаздық. Бұл ұсынысымыз бірден қолдау тапты. Көп ұзамай университетіміздегі Enactus ұйымымен тығыз байланыс орнатып, жобамызды республикалық форумда қорғауға жолдама алдық. Нәтижесінде жобамыз көпшіліктің көңілінен шықты", − деді Айтжанов.
21 жастағы ғалымның айтуынша, Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өткен форумда республиканың түкпір-түкпірінен 160-тан астам жас ғалым қатысқан. Қазірде тәтті тағамның екі түрі бар: бірі − қышқылдау, екіншісі − тәтті.
"Ерекше балмұздақ жасаудың әдіс-тәсілдерін әзірге ашып айта алмаймыз. Болашақта жобаны онлайн сатылымға қойып, сауда орталықтарын ашқымыз келеді. Ал негізгі мақсатымыз − ұлттық сусынның қолданыс аясын кеңейту", − деді ол.
Дереккөз: tengrinews.kz
С. Ерсін