Ойламаған жерден пайда болған сүйікті тағамдар

Кейбір тағамдар ойламаған жерден пайда болған. Жалпы, әлемдегі ең керемет ашылулар қателіктен соң қолданысқа енеді. Қалай ойлайсыз, вафельді балмұздақтың пайда болу тарихы қандай? 

Чипстер

1853 жылдың жазында миллионер Корнелиус Вандербилт (Cornelius Vanderbilt)  Саратога-Спринг қалашығындағы «Мунс Лэйк Хаус» кафесінде түскі ас ішіп отырады. Оған мейрамхана әкімшілігі картофель фри тағамын ұсынады. Бірақ, Вндербилт картофельдің ірі туралғандығына шағымданып, тамақты кері ас үйге қайтарып жібереді.

Сол кезде бас аспаз Джордж Крам (George Crum) ашуланып, тұтынушыға есесін көрсетсем деп бел буады. Картофельді өте жіңішке етіп турап, оны майға қытырлақ күйге еңгенше қуырады. Дегенмен, тұтынушы бұл тағамды кері қайтарудың орнына, оны қуана-қуана жейді. Осылайша, көп ұзамай чипстер ас мәзіріндегі негізгі тағамдардың қатарына енеді.

Цезарь салаты

Цезарь салатын ойлап тапқан адам мексикалық мейрамхананың басшысы Цезарь Кардини(Caesar Cardini). деген аңыз бар.

1923 жыл. Көңіл көтеріп, ішімдік ішу үшін бай Америка тұрғындары Мексикаға жиі келеді. Американың тәуелсіздік күнінде Цезарьдың Тихуанадағы мейрамханасында америкалық тұтынушылар бас қосыпты. Дегенмен, тамақ өнімдерінің тасымалы қиын болғандықтан, мейрамханада дайындайтын өнім болмапты.

Сол сәте Кардини ас үйден табылған барлық тағам түрін араластырыпты: салат жапырақтары, лимон шырынын, сарымсақ, зәйтүн майы, жұмыртқа мен майсыз ақ ірімшік.

Бұл тағам лезде халықтың сүйікті асына айналды.

Вафельді балмұздақ

Бұл балмұздақты Эрнест Хамви(Ernest Hamwi) ойлап тапты. 1904 жылы Сент-Луисте орын алған Бүкіләлемдік көрмеде  Хамви залабия сатады. Залабия – вафельге ұқсайтын, сынғыш әрі жұқа десерт. Ал, оған қарама-қарсы тұрған Арнольд Фомачу (Arnold Fomachou) балмұздақты сата бастайды.

Бірнеше уақыттан соң балмұздақ саудасы өте жақсы жүріп, балмұздақ салатын ыдыс таусылып қалады. Хамви сол кезде көршісіне ыдыстың орнына вафельді қолдануды ұсынады. Осылайш, сіз бен біз сүйіп жейтін вафельді балмұздақ қолданысқа енеді.