Оқушының денсаулығы мен көңіл күйіне пайдалы 8 өнім

Дұрыс тамақтану дене мен миға қосымша энергия береді, сондықтан оқушының рационына аса мән берген дұрыс. Егер балаңыздың жиі ауырмағанын қаласаңыз, ол шынығуы, ауа райына сай киінуі және толыққанды тамақтануы керек. Иммунитетке жағымды әсер ететін азық-түліктер бар.

Балық

Балық — өте пайдалы өнім. Оның құрамында йод пен фосфор, сондай-ақ миға қажетті Омега-3 майлы қышқылдары бар. Бала рационында балықтың әртүрлі сұрыптарының болғаны дұрыс. Бұрыннан келе жатқан «бейсенбі — балық күні» дәстүрін жалғастырған жөн. Оқушы рационында аптасына бір рет болсын балық болуы керек.

Көкөністер

В тобының дәрумендері бұлшықеттер мен жүйке жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне өте қажет. Оқушыға физикалық және ақыл-ой жүктемесі түседі. Көк шөптер мен жасыл түсті көкөністер ең пайдалы болып саналады.

Жаңғақтар

Егер балаңыз аллергик болмаса, оның рационына міндетті түрде жаңғақтар қосыңыз. Жаңғақтарда калий, кальций, магний, фосфор және темір бар. Жаңғақтар есте сақтауды жақсартады, сондықтан олар оқушының сабақты жақсы меңгеруіне көмектеседі.

Ет

Ағза өсіп, бұлшықет массасын жинап жатқандықтан балаға ет керек. Балаға тек өсімдік ақуыздары емес, сондай-ақ жануар ақуыздары да қажет. Оны жұмыртқадан және еттен алуға болады. Етте энергия беретін және гемоглабинді көтеретін аминқышқылдар, темір, фосфор және В тобының дәрумендері бар.

Сәбіз

Бұл көкөніс өсіп келе жатқан ағзаға өте пайдалы. Оның құрамында А дәруменінің көп мөлшері бар. Ол көздің жақсы көруі үшін де пайдалы. Мұғалімдер балаға өзімен бірге тіскебасар ретінде шикі сәбіз салып жіберуді ұсынады.

Ащы шоколад

Шоколад жылдам энергия береді. Ол магний, кальций, темір, фтор, фосфор және антиоксиданттарға бай. Бірақ оны десерт түрінде көп жеу ұсынылмайды. Міндетті түрде ащы шоколад таңдаңыз.