Жазда қуырылған еттің немесе тәтті десерттің тағы бір үлесін жеуден оңай бас тарта аласыз, ал қыста мұндай тәтті тамақтарды көргенде өзіңізді ұстау қиынға соғады. Нәтижесінде, көктемде артық салмақпен күресесіз. Қыста артық тамақтануымыздың себебі неде?
Май жинау арқылы жылыну үшін тамақ жейсіз
Майлы тіннің жылуды реттейтіні рас. Бірақ бұл қыста оны белсенді жинау керек деген сөз емес. Себебі, біріншіден, заманауи қала тұрғындары көбіне үй, көлік және кеңсе ішінде жүреді. Олар қатты тоңып қалудан қорқатындай сыртта ұзақ уақыт жүрмейді. Екіншіден, бізді тамақтан алатын ақ май емес, қоңыр май жылытады. Қоңыр майды жинау үшін жаттығу қажет.
Ғалымдар адам ағзасында иризин деп аталатын қызықты гормон бар екенін анықтады. Ол (бізді жылытпайтын) ақ майды қоңыр майға ауыстыруға жауап береді. Бұл иризин гормоны суықта немесе физикалық жүктеме кезінде өңделеді. Сондықтан өзіңізді жылытатын майлы қабатпен қамтамасыз ету үшін тоңу немесе жаттығу керек екен.
Қыста көп энергия жұмсайтындықтан тамақ көп жейсіз
Шынымен де қыста энергия көбірек жұмсалады. Бірақ энергия қорын дұрыс толтыра білу керек. Тәттілерге және жалпы қарапайым көмірсуларға құштар болмаған жөн. Олар жылдам қыздырғыш әсер береді. Бірақ олар тез сіңеді, сондықтан тағы қарныңыз ашады. Тою үшін ақуыз (ет, балық) тиімдірек және ол қажет энергияны береді.
Қараңғы болғандықтан тамақ жейсіз
Бұл біртүрлі естіледі, бірақ ол — шындық. Жарық күннің ұзақтығы тұтынылатын тамақ мөлшеріне әсер етеді. Қыста ағзада мелатонин (ұйқы гормоны) өңделуі жоғарылайды. Ал ол тәбетті ынталандырады. Ал бақыт гормоны — серотонин қыста азаяды: бұл гормон тәбетті қашырады. Сондықтан қысқы рационға үрмебұршақ, қарақұмық және банан қосыңыз. Олардың құрамында осы екі маңызды гормонды тепе-теңдікте ұстап тұруға көмектесетін триптофан аминқышқылы болады.
Қыста жиі күйзеліске ұшырағандықтан көп тамақтанасыз
Қыста серотонин мөлшері азаятындығы рас. Көпшілік қайғырғанда немесе көңіл күйі болмағанда тоңазытқыштың есігін аша беретіндігі де рас.
Мұндай жағдайда не істеу керек? Негізі күйзелісті тамақ жеумен баспаған дұрыс. Егер бұл қиынға соқса, пайдалы тамақтар жеңіз. Мысалы, тоңазытқышты алма және йогурт секілді пайдалы тіскебасарлармен толтырып қойыңыз.
Қыста су аз ішкендіктен тамақ жей бересіз
Суық күндері шөлдемейміз, сондықтан жиі қарапайым суды ішуді ұмытамыз. Ал ағза шөлдегенде қарын ашқандай сезім тудыратынын білеміз. Сондықтан шай, шырын немесе басқа да сусындардан бөлек көбірек таза су ішуді әдетке айналдырыңыз. Су асқазанда орын алып тұрады және калория тұтынуды азайтады.