Өткен жолы сіздермен бірге кәмпиттердің құпиясы мен атақты тәттіқұмарлар туралы біліп алған болсақ, бүгін оқырмандарымыздың сұранысы бойынша, кәмпиттің ағайыны саналатын науаттың сырын ақтаратын боламыз.
Науат – бәріміздің болмаса да, біріміздің бала кездегі сүйікті тағамымыз. Арамызда әжелерінің «тәтті сақталған сандығынан» оны талай рет ұрлап жеп көргендер де бар болар.
Науат – Орта Азия халықтарының, оның ішінде өзбек ұлтының дәстүрлі қарапайым қантты қайнатып, ерітіп дайындайтын кристалдандырылған қанты. Түсі мөлдір, дәмі өте тәтті, аса қатты тағам. Оны жүзім шырыны мен түрлі табиғи бояғыштар, және ешқандай химикаттарсыз аса пайдалы қоспалардың көмегімен жасайды. Әдетте, дәрігерлер қанттың зиянын айтып, сырқаты бар адамдарға тыйым салып жатса, керісінше, науатты жеуге кеңес береді. Науаттың ешқандай зиянды қоспасы жоқ әрі қанттан таза болып келеді.
Ығалдылығы 0,7 %-дан аспайды. Оның әр түрлі диаметрдегі цилиндр, конус пішіндері бар. Ерте замандардан бері адамдар науатты қарапайым қанттың немесе карамельдердің орнына қолданып келеді.
Науаттардың ең көп дайындалатын және саудаға шығарылатын жері – Ташкент қаласы болып табылады.
Науатты шайға қосып, рахатта отырып шай ішкен бар да, жаныңызды көзіңізге көрсететін түрлі ауруларға ем ретінде пайдалану да бар.
Науатты іш аурулары мазалайтын және суық тигізген адамдарға пайдалануға кеңес береміз. Ол үшін науаттың бір түйірін көк шайға қатып, ерігенше жақсылап араластырыңыз. Ал тамағыңыз ауырған кезде, 10-15 минут сору керек.
Сондай-ақ, қатты шаршауды сезінген кезіңізде науат қосылған шәй ішсеңіз де таптырмас көмек бола алады. Кейбір халықтарда науатты гинекологиялық ауруларды емдеу кезінде қолданатын көрінеді.
Суреттер:tortic.ru,anna-konnda.livejournal.com,fotki.yandex.ru,otvet.mail.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева