- Негізгі бет
- Аспаздық
- Мультипісіргіш таңдауға қажет...
Мультипісіргіш таңдауға қажет кеңестер
Мультипісіргішті қыздырғыш элементі, микропроцессоры және температуралы тетігі бар «ақылды кәстрөл» десек болады. Мультипісіргіш газ плитасы жоқ (жатақханада немесе саяжайда тұратын) адамдарға плитаны және пешті жоқтатпайтын керемет құрал. Алайда ол барлық ас үй техникасы бар үйге аса қажет деп айта алмаймыз. Себебі, онда тамақ ұзақ піседі. Сонымен қатар, мультипісіргіш жарнамаларында тамақ дайындау жеңіл етіп көрсеткенімен, бастапқы кезде бағдарламаны өзіңізге бейімдеу қиынға соғады.
Мульипісіргіштің артықшылықтары:
– Мультипісіргіште тамақтың көпшілігі сіздің бақылауыңызсыз дайындала береді. Сіз тек азықты турап, оған салып, бағдарламаны таңдауыңыз керек. Мысалы, картоп қуыратын болсаңыз, барлық ингредиенттерді ретімен мультипісіргішке салып, «жаркое» батырмасын таңдап, алаңсыз басқа ісіңізбен айналыса бересіз. Тамақ күйіп кетпейді және ұзаққа дейін суымайды;
– Дұрыс тамақтануды ұстанып жүрсеңіз, мультипісіргіште буға пісіру арқылы немесе май құймай, тағам өз сусынында пісетіндей етіп дайындай аласыз.
Егер мультипісіргішті өзіңізге не жақыныңызға сыйлыққа алатын болып шешсеңіз, мына кеңестерге көз жүгіртіңіз.
1-кеңес. Мультипісіргішпен жылдам қайнататын құралдың (скороварка) біріктірілген түрін алған жөн. Қарапайым мультипісіргіш тағамды қалыпты қысымда дайындайтындықтан азық-түліктер ұзақ піседі. Ал жылдам қайнататын құрал жоғары қысымның негізінде суды 100 градусқа дейін қыздыратындықтан, тамақты жылдам пісіреді. Мысалы, сорпа мультипісіргіште 2 сағат, ал жылдам қайнататын құралда 30 минутта піседі. Алайда тек жылдам қайнататын құрал таңдасаңыз, ол жақта тамақтың әр түрін дайындай алмайсыз. Сондықтан осы екі құралдың біріккен түрін алыңыз.
2-кеңес. Мультипісіргіштің қуаты көп болған сайын, оның тостағаны жылдам қызады. Мультипісіргіш тостағанының көлеміне және өңдеушіге байланысты қуаты 450-1500 Вт арасында болады. Көлемі 2-3 л кішкентай тостағанға қуаты 800-1000 Вт, ал көлемі 6 литрдей болатын тостағанға қуаты 1000-1500 Вт болғаны дұрыс.
3-кеңес. Тостағанның көлемі – мультипісіргіш таңдаудағы басты параметрдің бірі. Тостағанның сізге қолайлы көлемін анықтау үшін адам басына 1,5-2 л деп есептеңіз. Оның 2-10 л аралығындағы түрлері болады. Егер үйде 1-2 адам ғана болса, 2,5-3 л тостағаны бар мультипісіргіш жарайды. Ал 3-4 адамға 4-5 л, 5 адамнан көп мүшесі бар отбасыға 6 литрден үлкен тостағаны бар мультипісіргіш қажет.
4-кеңес. Керек емес бағдарламалар үшін артық ақша төлемеңіз. Мультипісіргіштің көпшілігінде 6-дан бастап 18 бағдарламаға дейін болады. Алайда 100 режимге дейін болатын түрлері де бар. Режим саны көп болған сайын, мультипісіргіш қымбаттай түседі. Сатып алар алдында сізге қандай бағдарламадар қажет, ал қай бағдарламаны сирек қолдануыңыз мүмкін екенін ойланыңыз. Негізгі базалық бағдарламаларға мыналар жатады: «Ботқа қайнату», «Бұқтыру», «Пісіру (выпечка)», «Қуыру», «Сорпа», «Буға пісіру».
5-кеңес. Тостағанның тұтқасы болған ыңғайлы. Мультипісіргіштің ыстық тостағанын алу оңай болу үшін біріншіден, оның қақпағы аз дегенде 90 градусқа ашылуы керек. Екіншіден, тостағанның ыстық көтеретін тұтқасы болғаны жөн.
6-кеңес. Керамикалық қаптау тефлондыққа қарағанда қауіпсіз. Мультипісіргіш тостағандарының көпшілігі алюминийден жасалып, күймейтін керамикалық немесе тефлондық қаптамамен жабылады. Уақыт өте тостағанды жаңасына ауыстыру керек болады. Тефлондық қаптау жеңіл жуылады, алайда тез сызылып қалады. Оны ұқыпты күту арқылы 2-3 жыл қолдануға болады. Мультипісіргіш жинақтамасында бірге берілетін пластикалық қасығы тостағанның қырылып қалуынан қорғамайды, сондықтан силикон қасық қолданыңыз. Керамикалық қаптау тез қырылмайды. Алайда керамикалық қаптауы бар мультипісіргіш қымбатырақ болады. Керамика тостағанды да уақыт өте жаңасына ауыстыру керек болады. Оның күйдірмейтін қасиеті кете бастаса да ешқандай зиян келтірмейді.
Жалғасы бар...
А. Жапатова