Терапевттер мен диетологтардың айтуынша, мүкжидек (клюква) — дәрумендердің, минералдардың, антиоксиданттардың және жасұнықтардың нағыз көзі. Қышқыл қою қызыл жидектер пектиндерге, антоциандарға, фенолоқышқылдарға, лейкоантоциандарға, катехиндерге, бетаинге, макро- және микроэлементтерге, B тобының және РР, К1, С дәрумендеріне бай. Сондай-ақ оның құрамында калий, фосфор, темір, марганец, мыс, кальций, йод және мырыш бар. Бұл пайдалы элементтердің бәрі мүкжидекті superfood етеді.
Мүкжидек — ең жақсы антиоксиданттардың бірі
Мүкжидек ең нәтижелі антиоксиданттың бірі деп мойындалды. Ол басқа жидектерге қарағанда бос радикалдардың тотықтандырғыш әсерін сәтті бейтараптандырады. Мүкжидекті күнделікті мәзіріңізге қосу арқылы жасқа қарамастан өзіңізді жақсырақ сезінесіз.
Мүкжидек қабынулармен күреседі
Мүкжидектің құрамындағы фитонутриенттер (денсаулыққа жағымды әсер ететін биологиялық белсенді компоненттер) қабынулардың алдын алады және олардың жаңа пайда болған немесе созылмалы түрлерімен күреседі. Халық медицинасында бұл жидекті бұрыннан ауыз қуысына қабынуға қарсы терапия ретінде және несеп-жыныстық жүйе жұқпаларымен күресуші құрал ретінде қолданады.
Мүкжидек иммунитетті қатайтады
Маусымаралық кезде мүкжидектің пайдасы зор, себебі ол С және В дәрумендеріне бай. Мүкжидектің тұмауды тез жеңуге көмектесетіні дәлелденген.
Мүкжидек бауыр мен қан тамырларды тазартады
Мүкжидектің антибактериалдық және вирусқа қарсы қасиеті бауырды және жалпы ағзаны тазартуға ықпал етеді. Мүкжидек қан тамырлар жүйесіне жағымды әсер етеді: ол қанағым белсендігін ұстап тұрады және қанның ұйып қалуынан қорғайды.
Мүкжидек қандағы қант мөлшерін реттейді
Мүкжидектің құрамында қант мөлшерінің аз болуы оны басқа жидектерден ерекшелейді. Диетологтар жүргізген тәжірибелер бойынша, ол қандағы қанттың көбейіп кетпеуіне көмектеседі.
Мүкжидек асқорытуды ынталандырады
Дәруменді бұл жидек тәбетті жақсартады және асқорытуды қалыпқа келтіреді. Оған қоса, мүкжидекте жасұнық көп: бір уыс жидекте шамамен 5 грамм жасұнық бар. Ал жасұнық асқорыту жолының жұмысы үшін маңызды екенін білеміз.
Мүкжидектің калориясы аз
Мүкжидектің шынымен де калориясы аз. Оның бір уысында 50 калория бар. Салыстыру үшін бананды алсақ болады: орташа бананда шамамен 110 калория болады. Бұдан мүкжидек артық салмақпен күресетінін көруге болады.