- Негізгі бет
- Аспаздық
- Микротолқынды пештің сіз...
Микротолқынды пештің сіз білмейтін 10 мүмкіндігі
Микротолқынды пешке қатысты түрлі жағымсыз пікірлер айтылып жүрсе де, ол көптеген отбасының және кеңсе қызметкерінің ас үйіндегі басты техниканың біріне айналып отыр. Микротолқынды пеш бірнеше минутта тамағыңызды ысытып береді. Оның басқа қандай мүмкіндіктері бар?
1. Көкөністердің жұқа қабығын оңай ашу
Ас үй ханшайымдары кейде көкөністерді немесе жемістерді жұқа қабығынан тазарта алмай қиналады. Мысалы: қызанақ, бұрыш. Бұрын әйелдер оларды қайнаған суға салып, біраз уақыт ұстап, содан соң қабығын аршитын. Ал қазір көкөністің бетін бірнеше рет тіліп, микротолқынды пешке бірнеше минутқа салу жеткілікті. Көкөністер мен жемістер сәл суыған кезде қабығы жарылып, оңай алынады.
2. Жеміс шырынын көбірек алу
Егер жаңа сығылған цитрус шырынын жақсы көрсеңіз, бұл лайфхак көңіліңізден шығады. Бүтін апельсин, мандарин, грейпфрут немесе лимонды микротолқынды пешке 20 секундқа салыңыз. Бұл әдіс жемісті жұмсартып, оны шырынды етеді. Сондықтан оның суы көбейеді. Одан кейін жемісті бірнеше бөлікке бөліп, шырынын сығып алу ғана қалады.
3. Ыдысты зарарсыздандыру
Бұл әдіс қысқа көптеп құты жабатын немесе үйінде жаңа туылған сәбиі бар адамдардың көңілінен шығады. Себебі микротолқынды пеште құтыларды және балалар бөтелкесін зарарсыздандыруға болады. Ол үшін алдымен құтыларды немесе бөтелкені жақсылап жуып, түбіне кішкене ғана су құйып, микротолқынды пешке үш минутқа саласыз. Пештің ішінде кез келген әйнек ыдыс бір-біріне тимеу керегін ұмытпаңыз. Сондықтан микротолқынды пешті қосарда оның ішіндегі ыдыстардың арасында орын бар екеніне көз жеткізіңіз.
4. Тақтай иісінен арылу
Ас үй тақтайларынан уақыт өте жағымсыз иіс шыға бастайды. Бұл лайфхак арқылы одан жылдам арыласыз. Ол үшін тақтайды жуып, оның бетін жарты лимонмен жақсылап сүртіңіз. Содан соң тақтайды микротолқынды пешке 5-6 минутқа салыңыз. Содан соң оны сумен шайып аласыз.
5. Қырыққабат жапырақтарын қайнату
Голубцы дайындағыңыз келді ме? Онда қырыққабат қауданын ағып тұрған судың астына бір шайып алып, өзегін кесіп алып тастаңыз. Содан соң оны қатты терең емес ыдысқа салып, түбіне бір сантиметр болатындай су құйып, аспаздық пакетпен орап тастаңыз. Оны микротолқынды пешке салып, шамамен 10 минуттай қайнатыңыз.
6. Дәмдеуіштердің хош иісін қайтару
Дәмдеуіштер ұзақ уақыт сақталса, өздерінің хош иісін жоғалтады. Олардың хош иісін қайтару үшін дәмдеуішті кішкентай ыдысқа салып, микротолқынды пеште 10-15 секунд ұстаңыз.
7. Пияз турағанда көз жасаурамас үшін
Пияз турағанда көзіңіз жасаурай ма? Онда микротолқынды пештің көмегін пайдаланыңыз! Пиязды тазартып, оны тәрелкеге салып, микротолқынды пеште 30 секунд ұстаңыз. Содан соң пияз суыған кезде оны турай берсеңіз болады. Мұндай әдіс пияздың пайдалы заттарын жоғалтпайды, жас бөлінуге жауап беретін затты ғана бейтараптандырады.
8. Қамырды жылдам көтеру
Ашытқы қосылған қамыр көтерілу үшін оған уақыт пен жылу қажет екенін білеміз. Алайда оның көтерілгенін күтуге уақыт болмаса, не істейміз? Мұндай кезде қамырды микротолқынды пешке 3-4 минутқа салуға болады. Қамырды микротолқынды пешке салғанда қасына суы бар ыдыс қоюды ұмытпаңыз. Сол кезде қамырдың беті кеуіп кетпейді. Содан соң қамырдың суығанын күтіңіз.
9. Шөптерді кептіру
Шөптерді кептіріп сақтағыңыз келсе, олардың өздігінен кепкенін күтуге немесе микротолқынды пешке 1 минутқа салуға болады.
10. Қатып қалған нанды жұмсарту
Қатып қалған нанды лақтырмай, оны дәмді етіп қуыруға болатынын білеміз. Ал жұмсақтығын қайтарғыңыз келсе, микротолқынды пешке бір стақан су мен нанды бір минутқа салыңыз.
А. Жапатова