- Негізгі бет
- Аспаздық
- Мен шиемін, шиемін,...
Мен шиемін, шиемін, күннің көзін сүйемін!
Өкінішке орай, тарих шиенің ең алғаш қашан, қайдан шыққандығы туралы деректерді біздерге жеткізбеді. Дегенмен, шие туралы ең алғашқы нанымды деректер б.з.д. IV ғасырлармен тығыз байланысты. Сол заманда өмір сүрген грек жазушысы Теофраст өз еңбектерінде Грек жерінде жабайы күйінде өсетін «Церазус» туралы көп жазады. Церазус деген не нәрсе дейсіз бе? Ең ежелгі жазушылар шие деген ұғымның орнына дәл осы «Церазус» сөзін пайдаланған екен.
Біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында өмір сүрген римдік Плиний, гректік Ананей сынды жазушылар шие мен шие ағаштары туралы толығырақ баяндайды. Олардың сөзіне нанар болсақ, Рим жеріне шиені б.з.д. І ғасырда қолбасшы Лукулл әкелген. Өйткені Лукулл Митридат патшаны жеңгенге дейін Италияда шие деген жеміс атымен жоқ болған көрінеді. Плиний атамыздың жазуынша, шиенің отаны Қара теңіз жағалауындағы Керасунд қаласы, өйткені, жеңіске жеткен қолбасшы шие ағашын дәл осы қаладан алып келген. Аталған жазушылар Рим бақтарында шиенің ондаған түрлі сорттарының өсірілгендігін атап өтеді.
Ал қазіргі заманда шиенің 200-ге жуық түрі белгілі. Олар бір-бірінен химиялық құрамы және пісіп-жетілетін мезгіліне байланысты ажыратылады.
Шиенің құрамында қант (глюкоза, сахароза), пектин, эфир майлары, А, В, С, РР дәрумендері, лимон және алма қышқылдары, мыс және тері илеуге қолданылатын қышқылдар бар.
Халық медицинасында шиеден жасалған дәрілерді қақырық түсіретін, тамаққа тәбет шаптыратын, несеп айдайтын дәрмек ретінде пайдаланады. Осы қасиеттеріне байланысты бұл өсімдік бүйрекке және қуыққа тас байланғанда, бүйрек пен бронх қабынғанда, дененің ыстығы көтерілгенде, тоқ ішек түйіліп ауырғанда қолданылады. Шиемен іш өткенді, буындардың сырқырағанын емдейді, жас жапырақтарының дене сыртындағы жаралар үшін шипалық қасиеті мол.
Шие жемісі тәбетті ашып, ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартуға да қолданады. Жемістің негізгі қасиеті – ағзаның жалпы қабынуын төмендетіп, зақымданған органдар жұмысын қалыпқа келтіруге септігін тигізеді. Шие сөлі артық салмақты адамдардың қан қысымы мен тыныс алуын реттейді. Биологтардың мәліметіне қарағанда, шие шырыны немесе тосабы зәр шығару жүйесінің жұмысын да реттей алады. Ал ерте кездері ата-бабаларымыз, тіпті қазіргі көпті көрген апа-әжелеріміз де іші өткен, ұшынған адамға шие бұтағын суға қайнатып, ішкізеді.
Буыныңызға тұз тұнған болса, ревматизмге немесе қант диабетіне шалдықсаңыз да, шиені көмекке шақырыңыз. Ол үшін шиенің ұсақ тамырын қазып алып, көлеңкеде кептіру керек. Сосын оны әбден ұнтақтаңыз. Оның 200 грамын 3 литр суға қайнатып, бір күн тұндырып қойып сүзіңіз де, 150 грамм алма сірке суын құйып араластырыңыз.
Қыз-келіншектеріміз шиенің етін кептіріп, нәрсу (кампот) жасап жатады. Оны қызылшамен ауырған балаға ішкізіп, аурудың бетін тез қайтарып алуға болады. Ал шиеден жасалған тосапты қытымыр қыстың аязды күндерінде шайға қосып ішсеңіз, тұмауға өте пайдалы болмақ.
Суреттер:ecoportal.su,fatandhappyblog.com,rostovurolog.ru,natural-mors.ru,gdefon.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева