- Негізгі бет
- Аспаздық
- Мәзір: Цезарь салатына...
Мәзір: Цезарь салатына арналған тұздық
Цезарь салатының дәмді әрі жеңіл тағам екенін барлығы біледі. Алайда оның басты құпиясы ерекше тұздығында екенін бәрі ескере бермейді. Назарларыңызға майонезбен және майонезсіз дайындалатын цезарь салатына арналған тұздықты әзірлеу рецептісін ұсынамыз.
Майонезсіз цезарь салатына арналған тұздыққа қажет азық-түліктер:
- 2 тіс сарымсақ;
- 1 жұмыртқаның сарысы;
- 150 мл зәйтүн майы;
- 1 шай қасық дижондық қыша;
- 4 тал анчоус;
- 1 шай қасық вустерширлық тұздық;
- 1 ас қасық лимон шырыны;
- 50 г үгітілген пармезан;
- тұз;
- ұнтақталған қара бұрыш.
Дайындалуы:
1. Қыша мен жұмыртқаның сарысын араластырып, жақсылап қопсытамыз. Үстіне тұз сеуіп, тағы да қопсытамыз. Артынша зәйтүн майын тамыза отырып араластырамыз. Қоспамыз майонезге ұқсауы тиіс.
2. Жоғарыдағы жартылай дайын тұздыққа лимон шырынын, вустерширлық тұздықты, анчоустарды қосамыз. Сарымсақ пен пармезанды себеміз. Барлығын жақсылап араластырып, цезарь салатына құямыз.
Майонез қосылған цезарь салатына арналған азық-түліктер:
- 2 тіс сарымсақ;
- 2ас қасық лимон шырыны;
- 1 шай қасық дижон қышасы;
- 1 шай қасық вустерширлық тұздық;
- 50 г үгітілген пармезан;
- 1 стақан майонез;
- тұз;
- ұнтақталған қара бұрыш;
- анчоус пастасы.
Дайындалуы:
1. Сарымсаққа түз сеуіп, еземіз. Артынша оны ыдысқа салып, үстіне лимон шырынын, қышаны, вустерширлық тұздықты, анчоус пастасын және майонезді қосамыз.
2. Үгітілген пармезанды қосып, бетіне бұрыш себеміз. Тұздықты жақсылап араластырып, оны цезарь салатының үстіне құямыз.
Шындығында, цезарь салатына арналған тұздықтың рецептісі қарапайым. Оны өзіңіз де жасай аласыз.
Қ. Бүйенбай