Сүзбе – айранды қайнатып, кішкентай қапшыққа құйып, суын сүзіп алғанда қалған қою масса. Сіздерге ұсынғалы отырған мәзір осы сүзбеден жасалған печенье.
Құрамы:
450-500 г сүзбе; 200 г сары май/маргарин; 2 дана жұмыртқа; 400-450 г ұн; ванилин, тұз, құмшекер.Ұнға маргаринді турап саламыз да, еземіз. Оның үстіне ванилинді қосамыз.
Маргарин еріген соң, сүзбе мен бір шымшым тұз салып, қамыр илейміз. Қамыр қолға жабыспайтын және жұмсақ болуы керек.
Қамырды жарты сағатқа бетін шүберекпен жауып қоямыз. Жарты сағаттан кейін, қамырды кішкентай бөліктерге бөліп, қолмен жұқалап жаямыз.
Қамырдың бетіне аздап құмшекер сеуіп, бір рет бүктейміз. Содан соң бүктелген қамырға тағы құмшекер сеуіп, екінші рет бүктеп, ыстық пештің табасына қоямыз.
Бүктелген қамырдың үстіне аздаған құмшекер сеуіп, шоколадты үгітеміз. Жұмыртқаны сарысынан ажыратып, ағын көпіртеміз де, қамырдың үстіне қосамыз.
200-220 градус ыстық пеште 20-25 минут пісіреміз.
Сүзбелі печеньеміз дайын. Ыдысқа салып, ыстық шәйға ұсынамыз. Астарыңыз дәмді болсын!
Арнайы Массагет үшін дайындаған: АКА