- Негізгі бет
- Аспаздық
- Мәзір: Майонез...
Мәзір: Майонез
Тұздықтардың ішіндегі ең танымалы – майонез десек, қателеспейтін шығармыз. Оны тамақ пен салатқа қосып, етті маринадтау үшін пайдаланады. Аңызға сүйенсек, бұл тұздық осыдан 200 жыл бұрын Маон қаласында пайда болған екен. Оның қалай пайда болғандығы туралы 2 түрлі аңыз бар. 1758 жылы британиялықтар қоршауға алған кезде француздарда жұмыртқа мен зәйтүн майы ғана қалады. Герцог Ришелье мұндай мәзірді ұнатпай, аспазға оны түрлендіруді бұйырады. Тапқыр аспаз жұмыртқа мен майды араластырып, тұз себеді. Кезекті материалымызда майонездің үйде дайындалу әдісін ұсынамыз.
Қажет азық-түліктер:
- насыбайгүл;
- жұмыртқаның саруызы;
- үккіштен өткізілген сарымсақ;
- ас қасық лимон шырыны;
- тұз;
- 1 шымшым кайен бұрышы;
- қара бұрыш;
- 1 шай қасық дижон қышасы;
- 1,5 стақан өсімдік майы.
Дайындалуы:
Кастрөлге су құйып, қайнатамыз. Ыстық суға насыбайгүлді саламыз. Шамамен 10 секунд. Жанына мұз салынған ыдысты қоямыз. Шөпті елеуішімен бірге мұзы бар ыдысқа орналастырамыз. Суын төгіп, насыбайгүлді қағаз сүлгінің көмегімен кептіреміз.
Жұмыртқаның саруызын блендерге саламыз. Сарымсақты, лимон шырынын, тұзды, кайен бұрышын, қара бұрышты, насыбайгүл жапырақтарын, дижон қышасын саламыз. Бетіне өсімдік майын құямыз. Артынша жақсылап араластырамыз. Қалауымызша тұз қосамыз. Майонезіміз дайын. Оны тоңзатқышта 2-3 күн сақтауға болады.
Ал сіз майонезді үйде жасап көрдіңіз бе?
Қ. Бүйенбай