Мәзір: Картоп қосылған тоқаш

Дәмі тіл үйірер керемет тоқаштың дайындалу жолын он саусағынан өнер тамған сүйікті қолданушымыз Айнара Байжан сайтымызға жіберді. Назарларыңызға ұсынамыз, сіз де дайындап көріңіз.

Құрамы:

Ұн
Cүт
Маргарин
Ашытқы
Жұмыртқа
Тұз
Қант
Шімішкі май
Картоп
Пияз
Аскөк

Қамыры:

Маргариннің бірнеше кесегін табаққа салып, үстіне ашытқыны саламыз (ашытқыны ерітпедім);

Жұмыртқаны жарып, саламыз. Жылы сүт құйып, араластырамыз;

Қоспаға тұз бен қант салып, әбден араластырамыз. Енді біртіндеп ұн салып илейміз;

3 сағатқа жылы жерге қойып, көтерілгенін күтеміз.

Картоп езбесі:

Бұл уақытта тоқаштың ішіне салатын картобын дайындаймыз; Картопты қабығынан ажыратып, қайнатып аламыз;

Піскеннен соң езіп, сүт пен сары май салып, жұмсартамыз;

Табада пияз бен аскөкті қуырып, картоп езбесіне қосып араластырамыз;

Тоқаш:


Енді көтерілген қамырды бірнеше бөліктерге бөліп, оқтаумен жаямыз;

Әр жаймаға бір ас қасық картоп езбесінен салып, аузын жапсырамыз;

Қызған майда қуырамыз;

Тоқаш әзір! Ас дәмді болсын!