Құрметті оқырмандар, назарларыңызға шарлотканың дайындалу тәсілін ұсынамыз. Оны әзірлеу үшін бізге төмендегі азық-түліктер қажет:
— 6 тал жұмыртқа;
— 300 гр қант;
— ваниль;
— 300 гр ұн;
— 5 тал алма;
— 100 гр сары май;
— 100 мл кілегей;
— 100 гр қоңыр қант;
— тұз;
— қант ұнтағы.
1. Алманы тазалап, жұқалап кесеміз.
2. Сары майды табаға салып, ерітеміз. Қоңыр қант сеуіп, 2 минут жылытамыз. Алма, ваниль мен оның таяқшаларын саламыз.
3. 5 минут пісіріп, артынша үстіне кілегей құямыз. 3-4 минут араластырып отырып, пісіреміз. Отты басып қоюды ұмытпаймыз. Артынша табаны оттан алып, таяқшаны шығарамыз.
4. Қамырын әзірлеу үшін жұмыртқаны жарып, үстіне тұз бен қант себеміз. 10 минут жақсылап араластырамыз. Шетінен ұн қосып отырамыз.
5. Диаметрі 26-28 см болатын форманы майлаймыз. Оған қамырдың үлкен бөлігін саламыз. Бетіне алмаларды тізіп, жоғарыда әзірлеген тұздықты құямыз.
6. Қалған қамырды бетіне жабамыз. 190 градуста қызып тұрған пеште 35-40 минут пісіреміз.
7. Бетіне қант ұнтағын себеміз. Астарыңыз дәмді болсын!