Майлықты дұрыс пайдаланудың 6 ережесі

Үстелге қасық, тәрелке қаншалықты қажет болса, майлық та ауадай қажет. Әдемі бүктелген майлық үстелге әр беріп қана қоймай, киімге дақ тамып кетпей, таза болып тұруын қамтамасыз етеді. 

Бірінші ереже. Ең алдымен, майлықтың не үшін қойылғанын анықтап алыңыз. Майлықтың екі түрі бар: қағаздан жасалған майлық, матадан істелген майлық. Қағаздан жасалған майлық бет пен қолды таза қып сақтау үшін қолданылады. Ол майлықпен ауызды үйкелеп сүрту орынсыз, тек ауызға тигізсеңіз, жетеді. Ал матадан жасалған майлық киіміңізді таза ғып ұстауыңызды қамтамасыз етеді. 

Екінші ереже. Асқа қол сұқпас бұрын, алдыңызда ораулы тұрған майлықты ашып, екі тізеңіздің үстіне төсеңіз. Кейбіреулер майлықты алып жіберіп, жағасына қыстырып жатады, бұл әдепке жатпайды. 

Үшінші ереже. Ас ішіп жатқанда, қолыңызға ас тамып кетсе, тізеңіздегі майлықпен әдепті түрде сүртіп тастаңыз. Ал егер, саусақтарыңыз кәдімгідей бүлінген болса, қасыңызда отырған жолдастарыңыздан кешірім сұрап, орныңыздан тұрып, ерінбей жуып келіңіз. 

Төртінші ереже. Ерніңізге ас қалдығы жабысып қалса, оны да ақырын ғана сүрту керек. Тізеңіздегі майлықты алып, ортасынан бір бүктеңіз де, жоғары бір бұрышын ерінге тигізіңіз. Сосын тізеңізге қайта жайыңыз. Ерніне далап жаққан әйелдер ернін матадан жасалған майлықпен емес, қағаз майлықпен сүртуі керек.

Бесінші ереже. Сусынды ішерден бұрын, ерінді майлықпен әдепті түрде бір сүйкеп жіберіңіз. Бұл бокалыңызға жағымсыз іздерді қалдырмайды. 

Алтыншы ереже: Майлықты қолданып болған соң, ұқыпты түрде қалай тұрса, солай жаныңызға қойыңыз. Оны бүктеп әуреленбегеніңіз жөн. 


Кейбір жерлерде майлықтар сақинаға кигізіліп тұрады. Ондай майлықты тұрар кезде мүмкіндігінше сақинасына қайта киігізіп кеткеніңіз дұрыс.

Үстелге отырған соң, ыдыс-аяқтарға үңіліп, дақ көріп қалсаңыз, оны майлықпен сүрту де мәдениетке жатпайды. Сондай-ақ, оны қол орамалдың орнына пайдалану да мәдениетсіздігіңізді көрсетеді. Майлық алдыңыздан сырғып түсіп кетсе, даяшыдан жаңасын сұраңыз.

Сурет: wilka.ru, fastbuterbrod.ru