Суши тағамын ұнататын адамдар аз емес. Суши түрлерінің көптігі соншалық, әркез әртүрлі салындымен таңғалдырып отырады. Кең тараған сушидің бір түрі - ыстық суши (Темпура маки). Бүгінгі материалымызда ыстық сушиді дайындаудың бір әдісін көрсетеміз.
Қажетті азық-түліктер:
- 1 қияр;
- қызыл балық;
- балқытылған ірімшік;
- нори жапырағы;
- 1 кесе күріш;
- 2 жұмыртқа;
- ұн.
Қиярды ұзын жіңішке етіп тураймыз.
Қызыл балықты да ұзынша етіп тураймыз.
Нори жапырағының тегіс жағын астына қаратып, бұдыр бетін бері қаратамыз.
Алдын ала күріш пісіріп, суытып қойыңыз. Күріш пісіруде алдыңғы материалда жарияланған кеңестерді қолдансаңыз болады. Саусақтарымызды сулап, күрішті нориге жайып шығамыз.
Күріштің бетіне ұзын етіп бір қатарға балқытылған ірімшік жағып шығамыз.
Ірімшіктің қасына турап қойған қиярды және балықты қойып шығамыз.
Нори жапырағын дөңгелектеп ораймыз. Нори жапырағы жабысу үшін ең шетін сулап жібереміз.
Ыдысқа жұмыртқаны салып, араластырамыз.
Жұмыртқаға аз ғана су құйып, ұн сала отырып араластыру қажет.
Іріткісі жоқ, қоймалжың қамыр болғанша араластырып отыру қажет. Ұнның мөлшері өзіңіз дайындайтын сушидің көлеміне байланысты. Мысалы, көбірек дайындайтын болсаңыз, тағы да су құйып, ұн саласыз.
Дайын сушидің екі шетін ұнға бұлғап аламыз.
Сушиді қамырға салып аламыз.
Қызып тұрған майға қуырамыз. Суши батып тұратындай май құюыңыз керек.
Қызарған соң ыдысқа түсіріп аласыз.
Абайлап пышақпен бірдей бөліктерге бөлеміз.
Ыстық суши дайын! Ас болсын!