- Негізгі бет
- Аспаздық
- Массагеттен мәзір: Вивальди...
Массагеттен мәзір: Вивальди
Көктем-жаз мезгілдерінде бір сәт ағзаны дәрумендермен қуаттап, салат тектес жеңіл тағамдар жеген дұрыс. Көкөністер көбейіп, арзандар шағында сіздерге өзгешелеу тәсілмен әзірленетін тағам мәзірін ұсынғымыз кеп отыр.
Қажетті азық-түлік:
– 1 баклажан;
– 1 сары болгар бұрышы;
– 1 қызыл болгар бұрышы;
– 1 сәбіз;
– 1 пияз;
– 3 қызанақ;
– көк шөптер;
– райхан (базилик);
– қалампыр (гвоздика);
– өсімдік майы;
– тұз;
Баклажан қабығын ашып, сопақшалап тураймыз. Сонымен бірге әлде баклажан орнына кәді (кабачок) алуға болады.
Табаға аздаған май жағып, баклажан қызарғанша баяу отта қуырып аламыз.
Қызыл және сары тәтті бұрыштарды сабандап турап аламыз.
Екі түрлі бұрышты да бөлек не бірге қуырып аламыз.
Сәбіз баяу пісетіндіктен жіңішке ұзынша етіп тураймыз.
Оны да бөлек қуырамыз.
Пиязды майда төртбұрыштап тураймыз.
Сәл қызарғанша қуырамыз.
Аскөктерді майдалап тураймыз.
Жартысын қуырамыз, жартысын сәндік үшін алып қоямыз.
Барлығы да табиғи болғандықтан, тағамға қызғылт түс беру үшін томат орнына қызанақ аламыз.
Оны үккіштен не еттартқыштан өткіземіз.
Жартылай қуырылған барлық көкөністі қазанға саламыз.
Араластырып, баяу отта 10-15 минут пісіреміз.
Бетіне аскөк қойып ұсынамыз.
Тағамымыз дайын! Ас болсын!
@. @assel_assanova