Бұл тағам саңырауқұлақ жақсы көретін адамдарға ұнайтыны сөзсіз. Оның ішіне саңырауқұлақпен қатар ет турамасын да салуға болады. Оны ыстық дәмтатым ретінде немесе негізгі ыстық тамаққа қосымша ретінде ұсынуға болады. Қажетті азық-түліктер: - қозықұйрық (шампиньон) саңырауқұлақтары;- 1 пияз;- 2 ас қасық мойенез;- 150 гр ірімшік;- дәмдеуіштер. Саңырауқұлақтарды жуып, кептіреміз. Пышақпен саңырауқұлақтың ішін аламыз. Саңырауқұлақтар дәмді болуы үшін маринадтаған дұрыс. Ол үшін оларға майонез жағып, пакетке салып қою керек. Оны уақыт болса, түнге қалдырып, уақыт тығыз болса, 30-60 минут тұрғаны да жетеді. Саңырауқұлақтың ішін ұсақ төртбұрышты етіп тураймыз. Пиязды да ұсақтап тураймыз. Саңырауқұлақ пен пиязды аз майға қуырып аламыз. Оларды қуырып жатқанда, оған аздап қара бұрыш, сарымсақ, гүлшетен сияқты өзіңізге ұнайтын дәмдеуіштер қосуға болады. Дайын тураманы саңырауқұлақтардың ішіне салып шығамыз. Олардың бетіне үккіштен өткізілген ірімшік саламыз. Турама салынған саңырауқұлақты 180-200 градуста қыздырылған пеште 30 минут пісіреміз. Бұл тағамды ыстықтай ұсынған жақсы. Турама салынған саңырауқұлақтар дайын! Ас болсын!