Тәуелсіздік – қазақ халқы үшін қадірі мен құны қымбат мереке. Азат елдің ашық аспанында отбасымызбен осы мерекені тойлайтын бізден бақытты ұрпақ жоқ. Бүгінгі Массагет мәзірінде Тәуелсіздік күніне орай "Тарих сөйлесін" тортын ұсынамыз. Торттың құрамын үйреніп алсаңыздар, жыл сайын айтулы мейрамда дүкеннен торт сатып алып жүрмейсіз.
Қажетті азық-түлік:
– 270 г ұн;
– 270 г қант;
– 2 ас қасық какао;
– 1 ас қасық сода;
– 1 тамшы лимон қышқылы;
– 135 г айран;
– 135 г сұйық май;
– 1 жұмыртқа;
– 15 г разрыхлитель;
– 3 тамшы ваниль
– 2 г қызыл бояғыш;
Крем үшін:
– Президент кілегейі;
– 5 ас қасық қант
– Маскарпони ірімшігі;
Ұн, қант, какао, лимон қышқылы үстіне айран сұйық май құйып, 100 мл ыстық сумен араластырамыз.
Одан кейін жұмыртқа, разрыхлитель, ваниль, қызыл бояғыш – барлығын араластырамыз.
Барлық азық-түлікті миксермен араластырып болғаннан кейін дайын құрамды 3 бөлікке бөліп, 180 градус температурада 15-20 мин пешке пісіреміз.
Бөлінген 3 бөлікке арнайы даярлаған кремімізді жағып, бетін өзіміздің қиялымызға сай безендіреміз. Ол үшін арнайы мастиканы алып, жібітеміз. Өзімізге керекті пішінде оқтаумен жазып, торттың жанына лента жасауымызға болады.
Мастиканың бетіне жазылатын жазудың құрамын арнайы өзіміз жасауға да, тортқа арналған маркермен жазуға да болады.
Астарыңыз дәмді болсын!