Тарт үгілмелі қамырдан дайындалатын француз ас үйінің ашық бәліші. Оған арналған қамыр әдетте, тұзсыз және қантсыз жасалады. Ол десерттік немесе негізгі тағам болуы мүмкін. Ол жұқа нан секілді пісіріледі немесе жаны кедір-бұдыр болып келетін ыдыстарда дайындалды. Салынды ретінде көкөністер, ет және балық қолданылады. Ал тәтті тарттардың ішінде оның алма, шие және таңқурай қосылған түрлері жиі кездеседі. Сіздерге таңқурай қосылған тарттың жасалу жолын ұсынамыз. Қамырына қажетті азық-түлік: - 200 г кілегей маргарині;- 130 г қант ұнтағы;- 2 жұмыртқа;- 400 г ұн. Кремге қажетті азық-түлік: - 4 ас қасық (50 г) ұн;- 400 мл сүт;- 1 жұмыртқа;- 150 г қант;- 130 г кілегей маргарині;- 250 г жидек. Жұмсақ кілегей маргариніне қант ұнтағын қосып, жақсылап араластырамыз. Алдымен жұмыртқаны бөлек ыдысқа салып шанышқымен араластырып аламыз. Содан соң оны маргаринге құямыз. Оған ұнды салып, барлығын араластырамыз. Қамыр дайын. Ыдысты майлаймыз, содан соң қамырды жайып салып, шеттерін көтереміз. Қамыр салынған ыдысты тоңазытқышқа 30 минутқа немесе мұздатқышқа 15 минутқа қоя тұрамыз. Кремді дайындау үшін жұмыртқа мен қантты араластырамыз. Оған жалпы сүт мөлшерінен 3-4 ас қасық сүт алып құямыз. Оны жақсылап араластырамыз. Содан соң ұнды салып, ешқандай түйіршік қалмайтындай етіп араластырамыз. Сүтті отқа қоюға болатын ыдысқа құямыз. Содан соң дайындаған қоспаны осы сүтке құйып, араластырамыз. Оны отқа қойып, әрдайым араластырып тұрып, қайнағанын күтеміз. Ол қайнай бастағанда қоюлануы керек. Крем қоюланғанда отты сөндіреміз. Кремді басқа ыдысқа құйып, суығанын күтеміз. Ол суыған соң кілегей маргаринді салып, миксермен араластырып шығамыз. Крем дайын. Тоңазытқыштан бәлішті шығарып, шанышқымен әр жерден тесеміз. Бәлішті 180 градуста қыздырылған пеште 35 минут пісіреміз. Бәліш суыған соң оған кремді құямыз. Бәліш тоңазытқышта бір түн тұрғаны жақсы. Оны ұсынар алдында таңқураймен безендіреміз. Таңқурай қосылған тарт дайын!