Массагеттен мәзір: "Табака балапаны"

Табака балапаны – Грузия асханасының тағамы, грузин тілінде «цицила тапака» деп атайды, «тапака» немесе «тапа» – балапан етін пісіретін ыдыс. Қысқасы, өзіміздің таба десе де болады. Сондықтан бізге оны қазақшалап «таба балапан» дей беруге болады деп ойлаймыз.

Табака балапаны тағамының құрамы қарапайым, бірақ дайындалу жолы және дастарханға ұсынылу үлгісі мүлдем ерекше. Ол үшін қосымша тұздық дайындаймыз.

Қазір дүкендерде жалпақтап қатырылған дайын балапанның тұтас еттері сатылады (сыртында «Цыпленок табака» деп жазылып тұрады). Салмағы да кішірек (600-800 грамдай), табаға бірден салып пісіргенге ыңғайлы. Дәл соны тапсаңыз, тіпті оңай болмақ. Ал таппасаңыз, балапаныңызды біраз дайындап алу керек. Төсінің бойымен тура кесіп, кітап сияқты ашып алу керек. Етті ас пленкасына салып, ас үйге арналған арнайы балғамен жалпақтау болғанша ұрғылап аламыз.

Балапаныңыз дайын болса, бастай берейік. Қалған ингредиенттер өз үйіңізден табылады деп ойлаймыз.

Құрамы:
Балапанның тұтас еті (600-800 гр)
Тортасы айырылған май
(топленое масло) – 2 ас қасық
Тұз, бұрыш, пергамент қағазы
Тұздығына: Лимон – 1 дана
Қаймақ – 100 гр
Сарымсақ – 1 түйір
Аскөк, тұз, бұрыш

 

Балапанның етін жақсылап жуып, сүртіп құрғатамыз. Сары майдың тортасын айырамыз, ол үшін сары майды отқа қыздырып, 5-10 минуттай қайнатамыз. Біраз суығаннан кейін (бірақ қатып қалмау керек) сүзіп аламыз. Грузия елінің көп тамағы дәл осы тортасы айырылған сары майға пісіріледі.

  Сыртына тұз бен бұрыш жағамыз. Табаға майымызды салып, жақсылап қыздырамыз. Қызған табаға балапанды алдымен арқасымен қоямыз. Асты жабыспайтын таба болған жөн.

 

  Үстінен пергамент қағазын жауып, ауыр салмақпен басып қоямыз –шамамен 4-5 кг, бірақ одан көбірек болса, тіпті жақсы. Ол үшін диаметрі балапанды толық жауып тұратын ыдысқа су толтырып, үстіне қоюға болады.

 

  Орташа отта алдымен бір жағын 15 минут қуырып, үстіндегі жүкті алып, аударамыз да, екінші жағын тағы дәл солай салмақтың астында 10-15 минуттай қуырамыз. Тым көп уақыт қуырып жібермеңіз, әйтпесе ет құрғап, қатты болып кетеді. Арасында астын қарап отырыңыз. 

 

  Піскенін тексеру үшін пышақпен ақырын шаншып көріңіз, ішінен мөлдір сорпасы шықса, ет дайын. Қызғылт болып қаны шықса, әлі піспегенін. Етіміз піссе, қағаз майлыққа майын сорғытып аламыз.

 

  Тұздығына қаймаққа сарымсақ пен аскөкті ұсақтап, аздап тұз қосып араластырып балапанның қасына ұсынамыз. Қасына лимонды қоямыз. Балапанды ұсынған кезде үстіне лимонның шырынын құю керек.

Табака балапаны дайын! Астарыңыз дәмді болсын!

 

Тағам Гармония ас үйінде дайындалды.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева