Жаз мезгілінде әдемі мерекелік десерт немесе демалыс күндерге дәмді әрі жеңіл торт дайындағыңыз келсе, сізді "Сынған әйнек" торты қуантады. Бұл торт өте дәмді, нәзік, ерекше және калориясы төмен. Ендеше, бүгінгі материалда "Сынған әйнек" тортының дайындалу жолын ұсынамыз.
Қажетті азық-түліктер:
– 400 гр қаймақ;
– 1 стақан қант;
– 3 ас қасық желе;
– кез келген жеміс (әр түрінен 1-2 данадан);
– бисквит немесе дайын корж.
Алдымен тортымызды дайындамас бұрын өзіңізге ұнайтын бисквит пісіріп алыңыз немесе дайын корж сатып алыңыз. Біз тортымызға арналған бисквитті мына сілтемедегі мәзір бойынша пісірдік.
Кесеге 3 ас қасық желе саламыз.
Желенің үстіне қайнаған суды суытып құямыз. Желе қоюланғанша 30 минут шамасында ұстаймыз. 30 минут уақыт өткенше жемістерімізді турап, дайындай береміз.
Өзіңізге ұнайтын және қолжетімді жемістерді алып, орташа етіп тураңыз. Біз жарты апельсин, 3 киви, 1 банан, 2 өрік және аздап дәні жоқ жүзім алдық.
Бисквиттің (немесе корждың) аз бөлігін орташа төртбұрышты етіп тураймыз.
Шұңғыл ыдысты аспаздық пакетпен қаптаймыз.
Кивиді ыдысқа әдемілеп салып шығамыз.
Одан соң басқа да жемістердің жартысын саламыз.
Туралған бисквитті және қалған жемістің барлығын саламыз.
Қаймақ пен қантты араластырамыз.
Желені ерітеміз, алайда қайнап кетпеу керек. Желе толықтай сұйық болған кезде оттан аламыз. Осы кезден бастап жылдам қозғалуыңыз керек, себебі желе тез қоюланып кетеді. Сұйық желені қаймақ қоспасына құйып, жылдам араластырамыз.
Желе құйылған қаймақ ерітіндісін дайындап қойған ыдысымызға құямыз.
Бисквитті корж секілді етіп кесеміз.
Жемістер салынған ыдысымызды биквитпен жабамыз.
Бисквиттің де бетін аспаздық пакетпен жабамыз. Содан соң ыдысты тоңазытқышқа түнге қоямыз немесе 8-10 сағат ұстаңыз.
Тоңазытқыштан ыдысты алған соң, оны тәрелкеге төңкеріп қоямыз. Содан соң барлық аспаздық пакеттерді аламыз.
"Сынған әйнек" торты дайын! Астарыңыз дәмді болсын!