Массагеттен мәзір: Сүзбе шарлары бар торт

Сүзбе, кокос ұнтағы және шоколад — тәттіні сүйетін жандар үшін керемет үйлесім. Бүгінгі материалда ерекше әрі әдемі сүзбе шарлары бар торттың дайындалу жолын ұсынамыз. 

Қажетті азық-түлік:

Сүзбе қоспасы:

– 250 гр сүзбе;
– 2 жұмыртқаның сарысы;
– 50 гр қант;
– 3 ас қасық крахмал;
– 50 гр кокос ұнтағы. 

Бисквит:

– 4 жұмыртқаның сарысы;
– 6 жұмыртқаның ақуызы;
– 60 гр қант;
– 2 ас қасық ұн;
– 2 ас қасық крахмал;
– 2 ас қасық какао;
– 1 шай қасық қопсытқыш;
– 50 гр қара шоколад;  

Ыдысқа сүзбені салып, оған қант, крахмал және кокос ұнтағын салыңыз.

Содан соң жұмыртқаның сарысын салып, барлығын жақсылап араластырамыз. 

Сүзбе қоспасынан қолыңызбен шарлар жасаңыз. Торт пісіруге арналған ыдысқа пергамент қағаз төсеп, оған сүзбе шарларын салып шығыңыз. 

Үлкендеу кесеге ұн, какао, қопсытқаш және крахмалды салып, барлығын араластырып, дайындап қойыңыз. 

6 жұмыртқаның ақуызына 30 гр қант салып, блендермен араластырыңыз. 

Суретте көрсетілгендей, жұмыртқаның ақуызы біртекті әрі көтеріліп шығуы керек. Егер жұмыртқаның ағын сарысынан бөлу кезінде ыдысқа сарысы аздап болса да түсіп кетсе, бұлай көтерілмейді. Сондықтан абайлап бөлуге тырысыңыз. 

4 жұмыртқаның сарысын 30 гр қантпен араластырамыз. 

Оған 50 гр шоколадты ерітіп құямыз. 

Содан соң, жұмыртқаның ақуызын, ұн қоспасын және жұмыртқаның сарысын бір ыдысқа салып, барлығын араластырамыз. 

Оны сүзбе шарларының үстіне құямыз. Егер сүзбенің кей жерлері жабылмай қалса, уайымдамаңыз, бисквит пісу кезінде көтеріліп, барлығы толықтай жабылады. 

Тортты 180 градуста қыздырылған пеште 40-45 минут шамасында ұстадық. 

Торттың бетіне ерітілген шоколад құйыңыз.

Сүзбе шарлары бар шоколадты торт дайын. Астарыңыз дәмді болсын!